8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні. Қазақстан да бұл тізімнен шеттетілмеген, аталған күн мереке және демалыс күні болып табылады. Республикалық деңгейде әйелдерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, ілтипат көрсетіледі.

Көктемнің алғашқы күндерінің  ең керемет мерекесімен құлпырған барлық қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймыз. Отбасының күнделікті шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде де шешуші рөл атқарып жүрген әйел затының ерекшелігін атап өтпеу мүмкін емес. Тәуелсіз еліміздің нығайып өркендеуіне, Туымыздың әлемнің менмін деген алпауыт мемлекеттерінің Туларымен қатар тұруына  әйелдер қауымының өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.  Ерекше төзімді, ибалы да көрегенді қазақтың Аналарына бас имейтін қазақ баласы жоқ. Анаға арналған қаншама тілектер, әндер мен жырлар арналса да, Анаға деген махаббат пен құрметті нақыштайтын азаматтарымыздың шабыттары ешқашан да сарқылмайды.

Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, түн ұйқысын төртке бөліп, аялап өсірген және осы күнге жеткізген Асыл Аналарымызға мәңгі қарыздармыз. Мейірім мен махаббаттан жаралып, аялы алақаны басымыздан сыйпап, «Ботақаным, құлыным» деп айналған бала кездегі сөздері әлі күнге дейін әр адамның жүрегіне жылу береді.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлімді тербеткен Аналарымызға шынайы ризашылық сезім білдіре отырып, мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт, отбасының аманшылығын, еліміздің өсіп-өркендей беруін тілеймін. Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін!

Г.ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ

Облыстық әділет

департаментінің бас маманы