Биыл теңізді өлке Арал қаласының 95 жылдығын атап өтуде. Ауданның мерейтойына орай «Балықшылар монументі» ашылып, «Балықшылар аллеясы» қайта жаңғыртудан өтті. Арал ауданына барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.Алдымен аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың «Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайының жұмысымен танысты. Музей 2018 жылы жұмысын бастады, мұнда 500-ге жуық фотосурет пен тарихи жәдігер сақталуда.Әрі қарай облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жаңғыртылған «Балықшылар аллеясының» жұмысымен танысып, «Балықшылар монументін» салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.​Мерекелік іс-шара «Арал антологиясы» жинағының тусаукесерінен басталды. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын бұл жинақ айдынды Арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.​Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын тілге тиек етіп, теңізді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешілуде деді.- Арал – тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы өңір. Тіршіліктің өзегі сумен байланысты болғандықтан су деңгейіне қатысты көптеген қиындықтар еңсерілді. Президентіміздің қолдауымен Көкарал бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде.Бірнеше балық зауыттары ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта оралуда. Мәселен, Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана қалса, қазір 23 балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 000 тоннаға дейін ұлғайды. 10-нан зауыт жұмыс жасап, балық өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі мен балық пен мал шаруашылығы болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады.Келешек ұрпаққа қажетті тарихи кітап та жарық көруде. Мұның бәрі киелі Арал жұртының игілікті ісі деп санаймын,-деді Н.Нәлібаев.Жиынға қатысушылар «Балықшылар музейінің» жұмысымен танысты. Бұл мұражай 2012 жылы ашылған. Мұражайда түйе шана, ат шана, шығыр, көптеген кемелер мен қайықтардың экспонаттары қойылған. Әр кеменің сыртқы бетінде кеме капитандарынын аты-жөні жазылған. Бұл экспонаттар бұдан бірнеше жылдар бұрын қолданыста болған. Бірақ, 1962 жылы Арал теңізінің тартылуына байланысты порт жабылып, порттың маңайына спорт кешені, спорт алаңы салынып, көгалаңдырылып ашық аспан астындағы мұражайға айналды. 2021 жылы музей қайта жаңғыртылып, жаңа экспонаттармен толықты.Жаңғыртудан өткен «Балықшылар аллеясында» жаттығу алаңы, балалар спорттық ойын алаңы, субұрқақ, балықшылар мүсіні, балықшылар есімі жазылған тақта және вагон орнатылған.Салтанатты іс-шара «Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберілгеніне 100 жыл» театрландырылған қойылыммен аяқталды. Қойылымда жаппай ашаршылық пен қуаңышылықтын қиын-қыстау заманында Арал балықшылары аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған халқын құтқару оқиғасы сахналанды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!