Осыдан төрт жыл бұрын «Қызылорда-Жезқазған» тас жол бойындағы 980 гектар жерге инфрақұрлым жүргізу үшін республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге жұмсалып, «Бәйтерек» мөлтек ауданы жер кезегінде тұрғандарға тегін берілген еді. Десе де тұрғындардың көпшілігі жерді игеруге асықпай отыр. Ал жер кезегінде тұрған 60 мыңнан астам халық кезегінің қашан жылжитынын біле алмай, мекеме табалдырығын тоздыруда. Жаңадан бой көтерген аудан халқының тыныс тіршілігін, жер кезегінің жылжуына қандай кедергі бар екенін білу мақсатында Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғанибек Омаровпен әңгімелескен едік.

– 2016 жылы «Бәйтерек» ауданы­нан жер кезегінде тұрған 5 мыңнан астам тұрғынға жер берілді. Арада 4 жыл өтті. Тұрғындар жерді мақсатты пайдалана алды ма?

– Қызылорда – Жезқазған трасса­сы­ның бойынан жалпы көлемі 980 гек­тар аймаққа егжей-тегжейлі жос­пар­лау жобасы әзірленіп, аталған ай­мақ «Бәйтерек» мөлтек ауданы деп аталған болатын. Осы ауданнан жер кезегінде тұрғандарға тұрғын үй салу мақсатында 5 112 жер учаскесі та­быс­талды. Жер учаскесінің құқығы – уа­қытша өтеулі, жалдау құқығына берілді. Яғни 3 жылға дейін. Жерді жал­ға берудегі басты мақсат – жерге мұқ­таж азаматтарды нақтылау. Себебі, осы уақытқа дейін үкімет тарапынан берілген жерлерді баспана салу дерегі емес, сату көбейіп кеткен. Мұндай де­рек­терге тосқауыл қою мақсатында Жер кодексі талаптарын ескере ке­ле, 3 жылға жалға беруді жүзеге асыр­дық. Нәтижесінде 1500 адам үй салып, жерді жекеменшікке алу құ­қы­ғын иеленді. Толық игерілмеуіне бай­ланысты 1443 азаматтың жер телімі мемлекетке қайтарылды. Жартылай құрылыс салуына байланысты қалған азаматтардың жерінің жалға алу құқы ұзартылды.

– Мемлекетке қайтарылған жер енді 2006 жылы жер кезегінде тұр­ғандарға табыстала ма?

– Қызылорда облысында 2005 жыл­дан 2021 жылға дейінгі аралықта 61 мың 800-ге жуық тұрғын жер ке­зе­гінде тұр. Жер кезегіне 2006 жы­лы тұрғандар жиі келіп, реттілігін тек­серіп, жер қашан беріледі деп сұ­райды. Осы азаматтардың өтінішін ес­ке­ріп, «Бәйтерек» ауданындағы игер­ме­ген­дердің жерін мемлекетке қай­тар­дық. Десе де жер кезегінде әлі де 2005 жылы 3 мыңға жуық азамат бар. Өйткені 2005 жылы жер кезегіне 11087 азамат тіркелген.  Осы 3 мыңға жуық тұрғынды қамтымай, 2006 жылға жылжи алмай­мыз. Қазіргі таңда жеке тұрғын үй құ­ры­лысын беру қағидасына 2021 жыл­дың наурызында өзгеріс енгізіліп, жер телімін беру Жер қатынастары бөлімінен алынып, қалалық Сәулет және құрылыс бөліміне берілді. Осы аталған бөлім кезекте тұр­ған азаматтарға жер телімін беру жұмы­сы­на кірісіп кетті.

– Сонда 2016 жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан қайтарылған 1143 жер телімі 2005 жылы кезекке тұр­ғандарға табысталады ғой. Ал басқа да жер кезегінде тұрғандарға «Бәйтерек 2» мөлтек ауданы салы­нып жатыр деп естіген едік. Қанша­лықты рас?

– «Бәйтерек» ауданынан бө­лек, 150 гектар және 670 гектар аумақ­қа егжей-тегжейлі жоспарлау жоба­лары жасалуда. Яғни бұл жерлер «Бәй­­теректің» жалғасы десе де бола­ды. Қазіргі таңда Жер кодексінің талап­та­рына сәйкес, аталған аумақтарға ин­же­нерлік инфрақұрылым, яғни то­лық коммуникация жүргізілмей, жер учаскесі берілмейді. Осы мәселе ше­шіл­ген соң табысталады. Бірақ одан бөлек, қала аумағынан Саяхат, Қорқыт, Әл-Фараби сияқты аудандардан бос жер телімін іздестіріп жатырмыз. Ин­же­нерлік инфрақұрылымы бар, бірақ иесі жоқ жерлер 2005 жылы жер ке­зегіне тіркелген  реттілігі бойынша да табысталуда.

– Жалпы «2005 жылғы арызды сатамын» деген жарнаманы жиі кө­реміз. 2005 жылы жер кезегінде тұрған арызды сатып алу арқылы жер телімін алу қаншалықты дұрыс?

– Өте орынды сұрақ. Мұндай жар­на­мадан бас алу мүмкін болмай қалды. Тіпті «Бәйтерек» ауданындағы жер телімін  сатамын деген жарнаманы да көрдік. Жалпы бұл әрекет заңға қай­шы. Мысалы, 2005 жылы жер кезе­гінде тұрған Қайрат есімді азамат «Бәйтерек» ауданынан жер алды. Бі­рақ иегермегеніне қарамастан сол жер телімін сатамын дейді. Негізінде бұл жер мемлекеттің меншігінде. Ол азаматқа тек 3 жылға жалға берілген. Сондықтан мұндай жер телімін алып, сан соғып қалуыңыз мүмкін. Көп аза­маттар осылай алданып қалғанын ай­тып шағымданады. Сондай-ақ жо­ға­рыда айтқан арыз мәселесі де дәл осылай. Мысалы, нотариусқа барып, 2005 жылы кезекте тұрған азамат­тың кезегін менің құқыма беруіңізді сұраймын деп те заңдастыра алмай­сыз. Бұл заңға қайшы. Тек ғана уақыт­ша құқық беруі мүмкін. Уақытша құқық алдым екен деп, ол жерге үй салғанның өзінде негізгі құқық 2005 жылы жер кезегінде тұрған Қайраттың атына ғана беріледі. Яғни баспана салып болған соң, үй автоматты түрде Қайраттың аты­­на рәсімделеді. Сондықтан өз құқы­ңызды шектемеген абзал.

– «Бәйтерек» мөлтек ауданынан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдері бөлінуде. Кәсіп ашқысы келетіндер бұл жерді қалай иемдене алады?

– Бұл ауданда бастапқыда 5112 жер телімі берілген. Яғни бір от­ба­сында 4-5 адам тұрады деп есептесек, алдағы уақытта бұл ау­данға 22-25 мың тұрғын қоныс­та­нады деп жоспарланған. Қа­зір осы тұрғын­дардың азық-түлігі мен қа­жет­ті тұрмыстық заттарын неме­се қа­жет­ті қызмет алу үшін қала орта­лы­ғына баруға мәжбүр. Осы мәсе­лені ескеріп, қала әкімінің тап­сыр­масы бойынша осы ауданнан кә­сіп­керлер үшін 21 жер телім белгі­ленген бола­тынбыз. Аталған жер телі­мінің көлемі 100 шаршы метрден 7 мың шаршы метр­ге дейінгі аралықты қам­тиды. Яғни бұл аумаққа кәсіпкерлер базар, наубайхана, шаштараз, монша, дәріхана ашуына болады. Жер те­лімі кәсіп­керлерге Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, сауда-саттық ар­қы­­лы беріледі. Сауда-саттық де­ге­ні­міз – мемлекет мен­шігіндегі жерді кә­сіп­керлер ашық конкурс ар­қылы са­тып ала алады. Ал конкурс Кә­сіп­­кер­лер палатасында өткізіледі. Бұл жерлерді алудың тиімді тұсы қа­ладағы жер теліміне қарағанда арза­нырақ. Мысалы, қалада жердің 1 шаршы метрі 1230 теңге болса, ал бұл ауданда 250 теңге. Қазір бұл аудандағы жерді кәсіпкерлерге құлақ­қа­ғыс ретін­де хабарладық. Сауда-саттыққа ұсынылған жер учаскелеріне тиісті мекемелерден келісім алған соң тізімі қала әкі­мі­нің ресми сайтында және БАҚ-та жарияланады. Кәсіптік мақсатта беріл­ген жер де уақытша жал­ға алу құқы­ғынсыз беріледі.

– «Бәйтерек» ауданынан бөлек, Сол жағалауда да тұрғындар саны артуда. Бұл аумақтан да кәсіптік мақ­сатта жер телімі беріле ме?

– Сол жағалаудан кәсіпкерлік ба­ғыт­та 1532 гектарға әзірленген егжей-тегжейлі жоспары бар. Осы жоспарға сәйкес, жер телімі табысталады. Ол үшін азаматтар қалалық Сәулет және құрылыс бөліміне өтініш білді­реді. Сол өтініш негізінде басқарма жо­баның егжей-тегжейлі жоспарға сай келгеніне және облыстық штаб отырысының келісіміне қарай табыстайды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!