Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен қала аумағында карантин талаптарының сақталуы туралы жедел штаб отырысы өтті.

Штаб отырысында  қалалық полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ағаділов пен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев қала аумағында карантин талаптарының сақталу барысы, індеттің алдын алу шаралары туралы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Қалалық полиция басқармасы бастығының хабарлауынша қалада арнайы мониторингтік топ құрамына басқарманың 16 учаскелік полиция инспекторлары бекітіліп, қазіргі таңда 16 мониторингтік топпен күнделікті рейдтік жұмыстары жүргізілуде. 2 учаскелік инспектор, екі мобильдік топқа бөлініп, жұмыс атқарса, қалған 14 учаскелік инспекторлар өз аймақтары бойынша жұмыстар атқаруда.

Келесі баяндамашы Ерлан Ұзақбаев тіркелген шұғыл хабарламалар мен мәліметтер бойынша 93 жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 9 128 945 теңгеге 159 айыппұл салынып, 155 айыппұл өндірілді, 93 ұйғарымдар берілді. Карантиндік шаралардың бұзушылықтары анықталған орындардың 86-сы қоғамдық тамақтану орындары болса, 3 сауда орындары, 33-і тойлар және өзге де нысандарға айыппұлдар салынып өндірілгенін жеткізді.

«Қала  тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған шектеу шараларына қарамастан, тұрғындар арасында той, отбасылық іс-шаралар мен басқа да мерекелік шараларды өткізу тыйылмауда. Яғни бұл, тұрғындар аурудың қауіптілігін әлі сезінбей жүр деген сөз. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші өткен айда 2 300 адамды құраса, осы айдың жиырма күнінің өзінде таралу көрсеткіші 2 600 адамнан асып отыр. Бұл дегеніміз, қала аумағында қауіпсіздік шараларының өз деңгейінде сақталмайтындығын және мониторингтік топтардың жұмыстары әлі де төмен екендігін көрсетуде», – деді Ғанибек Қазантаев.

Отырыс соңында қала әкімі карантин талаптарының сақталуын бақылау бойынша құрылған мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!