Жалағаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында және аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов құқық қорғау органдарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді.


Қоғамдық қабылдауға облыстық прокурордың орынбасары Бахытжан Мырзабаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Даурен Ибраев жәнеҰлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Сабыр Түменбаев қатысты.


Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесін асфальттау, Қаракеткен ауылының аяқ су мәселесі, сатылып кеткен автокөліктердің салығы туралы, мұрагерлік жер үлестерін рәсімдеуге байланысты жеке мәселелерін жеткізді.


Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов және аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.


Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы М.Шәменов ауылындағы орташа жөндеуден өткізілген Абылай хан көшесімен, «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылыс жұмыстарымен, «Ақмаржан» балабақшасы ғимаратының жылу жүйесін газға ауыстыру жұмыстарымен, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.


Облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!