Биылғы жылы су айдындарында 40 оқиға тіркеліп, 45 адам қайғылы жағдайға ұшыраған. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 23 бала бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев суға шомылу маусымы кезіндегі қайғылы оқиғалардың негізгі себебін баяндады.

«Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуынан болып отыр. Атап айтқанда, су айдындарының зерттелмеген жеріне суға шомылу және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болған. Сонымен қатар, спирттік ішімдік ішіп суға түсу мен балаларды бақылаусыз қалдырудың аяғы қайғылы оқиғаларға әкеп соғуда. Биылғы жылдың өзінде 45 адам суға шомылу кезінде қайтыс болды. Атап айтқанда, 3 адам балық аулау кезінде, 15 адам белгісіз жағдайда суда денесі табылды. Сондай-ақ, 10 адам оқыс жағдайдың кесірінен қаза тапса, 17 адам суға түсуге болмайтын жерде батып кеткен. Дегенмен, 16 адам құтқарылды. Бұл ретте төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мен қалалық полиция басқармасы және БАҚ өкілдерімен бірлесіп күнделікті бекітілген кестеге сәйкес күндізгі 14:00 ден түнгі 22:00 ге дейін рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстар өз жалғасын табатынын айта келе төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелері әрқашан оқыс оқиғалардың алдын алуға дайын екендігін айтқым келеді»,- деді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Шазындаұлы.