“Біздің жан-айқаймызға құлақ асатын пенде бар ма өзі?” дейді Сабалақ саяжайының тұрғындары. Ауыз су, жол, жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысының мүшкіл халі тұрғындардың ашуын бір сәтте бұрқ еткізді. Инфрақұрылымның нашарлығынан қалаға көшіп кетушілер көбейген. Тұрғындардың айтуынша, бүгінде 4 мыңға жуық адам тұрады.

Бұл саяжай Тасбөгет кентіне қарайды. Мақала жазу барысында Тасбөгет әкімдігіне үш рет бардық. Әкім Семсер Сыздықов кезекті еңбек демалысында екен. Орынбасары Жаппасбай Байқадамов: “Әкім келер апта жұмысқа қосылады, мен  жауап бере алмаймын” деді. Десе де жұмысқа қосылатын уақыт өтіп барады, тиісті мамандардан хабар жоқ. Амал қайсы, енді мәселені рет-ретімен осында баяндай берейік.

Сабалақта бір ғана көшеде асфальт бар. Қалғаны жазда ақтүтек шаңға оранып, жауын-шашын кезінде балшық болып жатады.

Айгүл Мұқанова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:

–  Несін жасырайық, талай рет батпаққа батып, көліктер бұзылды. Алдымызда жауын келе жатыр, қар жауады. Не істейміз? Балаларымыз оқуға батпаққа белшесінен батып барады.

20 жылдан бері тұрғындар суды тасып ішуге, литрлеп сатып алып ішуге мәжбүр. Сатып алуға шамасы келмейтін үш-төрт үй бірігіп, құдық қазып алған. Олар амалдың жоғынан ащы су пайдаланады. “Тамыз айында барлық үй ауыз сумен қамтамасыз етіледі” деп қала басшысы тұрғындарға уәде берген. Уәделі ай ортасынан ауып барады.

Мейрамгүл Жиенқұлова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:

– Екі айдан кейін іске қосамыз деген суы жоқ. Тамыз, сосын қыс болады. Су қайда? 22 жылдан бері газ, су, жол жоқ. Осылай өмір сүріп жатырмыз. Ешкімнің бізде шаруасы жоқ. Ең болмағанда су келе ме деген үмітпен отыр едік. Оның да ауылы алыстап барады.

Инфрақұрылымға жауаптылардың айтуынша, ауыз су жүргізудің екінші кезеңі басталған. Ол үшін республикалық бюджеттен 638 млрд теңге бөлініп, жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Ал жол мәселесі жуық арада шешілмейтін сыңайлы.

Ержан Қалдыбеков, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Жол мәселесі бойынша біздің бөлім тарапынан сметалық құжат әзірленетін болады.

Саяжай тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – мектеп. Мұндағы оқушылар қалаға қатынап оқиды. Себебі мектеп бұрын-соңды болмаған. Сабалақта мектеп құрылысы басталғанын және оның сапасының сын көтермейтінін әлеуметтік желілерде жазудайын жазып жатыр.

Гүлсәнім Әукенова,  Сабалақ саяжайының тұрғыны:

–  Мұндай мектептің салынуына халық наразы. Жылдар бойы армандаған мектебіміз осындай болу керек пе? Іргетасынан бастап сапа жоқ. Төбесіне жапқан плиталары құлайын деп тұр. Қайдан әкелгенін білмеймін, бір ескі-құсқыларды алып келген. Кірпіштері қиқы-жиқы. Мен “Сабалақ  Қызылорда  бірлестігінің” төрайымымын. Біздің құрамда он адам бар. Әкімдердің есептік жиналысынан кейін қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге мектеп құрылысы туралы кездестік. Нысан сапасыз салынып жатыр дегенді естіп бардық. Шынында да, сапасыз салынып жатқанын әлеуметтік желілердегі видеолардан халық көріп отыр. Кезінде Сабалаққа мектеп салып береміз деп 13 адамның жерін алған.

Мәрия Жұманова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:

– Салынып жатқан мектептің қабырғаларының қалыңдығы біздің қысқы кезеңге сәйкес келмейді. Бұл – мектеп салқын болады деген сөз. Балаларымыз үшін қауіпті. Сол үшін Қызылорда облысының басшылығынан, Президенттен салынып жатқан мектеп құрылысына назар аударуын талап етеміз!

Облыстық құрылыс басқармасының мәлімдеуінше, бұл жер саяжай болғандықтан әлеуметтік нысан салу заңсыз.

Мәди Әліп, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы:

– Құжаттар және хабарлама заңына сәйкес әлеуметтік нысандар құрылыс нысаны басталған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабарлама жіберуге міндетті. Аталған құрылыс нысаны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қандайда бір рұқсат немесе хабарлама түсірмеген. Оған тиісті әкімшілік қолдану шаралары бар. Сол шаралар көрілетін болады.

«Мұнда машина жүре алмайды, мүгедектер діттеген жеріне бара алмайды. Су кіргіземіз деп жерді де қазып тастаған. Ол суы әлі келмеді. Күткеннен басқа не істейміз?! Бұрын көрген күнімізді көре береміз. Десе де Сабалақ саяжайында тұрғындар бар екенін естен шығарып жібермесе болды», – дейді тұрғындар. 

“Бұл жақта халық бар” деп жүрген әкімді көрмедік. Біз осымен жиырмасыншы рет жиналып тұрмыз. Бүгінде уәдеге тойдық. Қазылған жер сол күйі қалды, жүретін жол қалмады. Балаларға обал. Журналистер қанша жазса да, одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Баяғыда журналистің қаламсабына ілінген басшы ұшып кететін еді, сіздердің беделдеріңіздің түскенін де аңғару қиын емес”, – дейді сабалақтық ақсақал Қыдырәлі.

Тұрғындар әкімшілік мамандарымен тікелей кездескісі келеді. Әрқайсысы өз өтінішін айтса, мәселені бірден болмаса да, біртіндеп шешіп берсе дейді. Уәдеге тойдық десе де, бір шешімі болатын шығар деген үміт те жоқ емес.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!