ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-басшысы Сапархан Омаров «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметіне сайланды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР АШМ ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«С.Омаровтың Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және астық саласын дамыту саласындағы көпжылдық нәтижелі қызметін, сондай-ақ астықты мемлекеттік сатып алу жүйесінде табысты тәжірибесін ескере отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының биылғы 28 шілдедегі № 227 бұйрығымен ҚР Үкіметінің келісіміне сәйкес, Омаров Сапархан Кесікбайұлы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы лауазымына сайланды», – делінген министрлік сайтында.
Сапархан Омаров 1968 жылы 5 мамырда дүниеге келген. 1996 жылдан 2007 жылға дейін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да қызмет атқарған. Азық-түлік корпорациясындағы 11 жыл ішінде бөлім бастығынан Вице-Президентке дейін көтерілді. 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды. 2 жыл бойы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі болып еңбек етті.
2016 жылғы 24 наурыздан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болды. 2019 жылғы 25 ақпанда Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалып, бұл қызметтен 2021 жылдың 10 шілдесінде босатылды.
«Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, мемлекеттік мерейтойлық медальдармен және 2010 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.
«Бүгінгі таңда Азық-түлік келісімшарт корпорациясының алдында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүргізу міндеттері тұр. С. Омаровтың ауыл шаруашылығында жинақталған тәжірибесі оған Корпорация алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды тиімді орындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтілген АШМ сайтында.
Еске салайық, биылғы 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде орын алған қуаңшылықта тиісті жұмыс атқармағаны үшін Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров отставкаға кетуі тиістігін айтқан болатын.
Сол күні Президенттің Жарлығымен Сапархан Кесікбайұлы Омаров аталған лауазымынан босатылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!