Сот саласында бүгінгі күні заманауи технологияларды қолдану қарқыны күшейді. Басты мақсат – заман ағымына сай, қағазбастылықтан арылып, азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде қызмет көрсету.
Сот жүйесіне қолжетімділікті арттыру және оңтайландыру мақсатында қолданысқа енгізілген «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесінің мүмкіндігі өте көп. Азаматтар «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы сотқа электронды түрде талап қою арыздарын, шағым, өтініш бере алады. Сонымен қатар, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Пайдаланушы қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бойынша сот актілерін басып шығарып ала алады.
«Сот кабинетінде» мобильдік қосымшаның іске қосылғанынан да көпшілік хабардар. Мобильдік қосымшаны жүктеп алғандар сот отырыстары туралы ақпаратты, отырыстың өткізілу күнін, орнын және уақытын біле алады. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот «Сот кабинеті» сервисін дамыту аясында электронды түрдегі арыздың тағы бір түрін – «Заңды күшіне енген сот актісін/сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу жөнінде өтінішхатын» іске қосты. Аталған сервисті пайдаланушы Жоғары Сот төрағасының атына заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы ұсыныс енгізу жөнінде өтінішхат беру мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай заманауи технологиялар азаматтардың пошталық қызметтерге жұмсалатын қаржылық және уақыт шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сотқа шақыртулар поштамен жөнелтілетін. Ол хат тиісті мекенге жеткенше, жауап келгенше біршама уақыт өтетін. Бүгінгі күні SMS хабарлама арқылы сотқа қатысушы азаматтар сотқа шақыртылып отыр.
Сонымен қатар, сот жүйесіндегі «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесі кіріс, шығыс хат-хабарларды және ішкі құжаттарды электронды іс жүргізуді тіркеумен қатар азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істерді және өзге де материалдарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді есепке алады, арыздарды, істерді, материалдарды автоматты түрде бөледі. Соттарда материалдар және шағымдар сот төрағаларының қатысуынсыз «Төрелік» жүйесінің көмегімен автоматты түрде бөлінеді. Сот мәжілістерінің үн-бейне жазбалары автоматты түрде қалыптасады.
Уақыт талабына сай, сот жүйесі өз қызметін жетілдіріп, тиімділігін арттыра түсуді әлі де жалғастыра береді.
О.А.Хабиев,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!