«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС «KitapAl» кітап дүкенімен бірлесе отырып халықты көркем әдебиетті оқуға баулу мақсатында қаланың қоғамдық көліктерінде алғаш рет жылжымалы электронды кітапхана іске қосты.

Қазіргі таңда электронды кітапханалар «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-не қарасты қоғамдық көліктерінде орнатылған. Кітап оқу үшін жолаушылардың смартфондары ғаламтор желісіне қосулы болса болғаны.
QR код бойынша кітап оқу опциясы 16 бағыт (№1,3,11,12,14,15,17,18,19,20,22,25,28,29,30,31) бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобус салондарында қолжетімді. Мұнда қазақ, шетелдік классиктердің шығармалары және психо­логиялық, тұлғалық даму бағытындағы кітаптар жолаушылар үшін қолжетімді. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды», М.Мақатаевтың «Өмір өзен», Л.Кинның «Как разговаривать с кем угодно, когда угодно и где угодно?», П.Уоллейстын «Интернет психологиясы», П.Коэльоның «Алхимик», Д.Кахоның «Түйсігіңмен ойла», «Мың бір түн» шығармалары бар. Алдағы уақытта кітаптар тізбесі жаңарып отырады.
Бұған қоса тағы бір жағымды жаңалық бар. КБИ мөлтек ауданын қала орталығымен жалғайтын қалаішілік №10 бағыт жаңғыртылып, 22 мамырдан бастап қызмет көрсетеді. Аймақ басшысының қолдауымен алынған жаңа автобустар халық игілігіне жұмыс істеуде. Қоғамдық көлікте мүгедектігі бар жандарға арналған пандус бар. Автобус салоны жолаушы­лардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камерасымен, жылыту және салқындатқыш, GPS қондырғысымен жабдықталған.
Сонымен қатар жыл аяғына дейін облыс орталығы тұрғындары мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мақсатында қосымша 150 дана үлкен сыйымдылықтағы автобустар сатып алынып, қала ішілік бағыттарды толықтай қамту жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінде серіктестік – №1, 3, 11, 12, 14, 15, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29, 30, 31 қалаішілік бағыттары және «Ягодка», «ПМК – 29» бен «Қараөзек» саяжайлары бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда. Қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысын «2GIS» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады. Онда жолаушы баратын жерге қай автобус өтіп бара жатқандығын және жақын аялдамаға автобус қанша уақыттан кейін келетіндігін де көре алады. Бұл мүмкіндіктердің барлығы қолжетімді.
«Автобустарға арналған «автоинформатор» арқылы жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауларын, жолаушыларға қалта ұрлығынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігін хабарлап отырады. Арнайы навигация жүйесі ескертулерді толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді, яғни жүргізуші көлік жүргізу барысында алаңдамайтын болады», – деді «Автобус паркі» Қызылорда» ЖШС директорының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов.
Бұл автоматтандырылған қосымша арқылы тек аялдамалар туралы ақпарат ғана емес, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушылар сақтауы және ұстануы тиіс ережелерді, қоғамдық көліктерде ақы төлеу түрлері мен жол жүру бағасын көруге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!