Алып Тянь-Шань тауының солтүстік-батыс бөлігі қарт Қаратауға ұласады. Жуырда осы қалың қатпарлы Қаратаудың соңғы сілемдері жетіп тұрған Жаңақорған ауданына баспасөз туры ұйымдастырылды.

Бұл тауды ел арасында «қазыналы Қаратау», «қарт Қаратау», «әулиелі Қаратау» деп те атайды. Шынымен де алыстан қарайып көрінетін жақпар тастар әбден қартайған, жасы келген адам секілді. Ғалымдар таудың пайда болғанына миллиондаған жылдар өткенін айтады. Содан бері талай рет су ағып, ағаштар бүршік жарып, қаншама ұрпақ алмасса да, құпиясы мен тарихы әлі тереңде жатыр.

Жаңақорған ауданы Кейден ауылдық округіне қарасты Қауық елді мекеніне ауыз су тарту жұмыстары басталыпты. Осылайша қиырда жатқан елді мекен тұрғындарының талай жылғы арманы орындалып отыр. Бұрын бұл ауыл берекесі тасыған мекен болған көрінеді. Қазір бар болғаны 34 тұрғын бар. Адам саны аз болғандықтан мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыз су тарту мәселесі шешусіз қалған. Бірақ жергілікті билік бұл түйіннің де шешімін тарқатыпты.

Аядай ауылдағы бастама

– Ауданға алғаш әкім болып келген 2015 жылы елді мекен тұрғындары мектеп, жол және осы ауыз су мәселесін көтерген еді. Олардың біразы шешімін тапты. Оқушыларды тасымалдайтын көлік берілді, ауылға жол түсті. Ауыз су жеткізу кешеуілдеп қалып еді. Осы ауданды басқаруға екінші мәрте келгенде оның да орайын таптық. Аудандағы “Күкірт қышқылы зауыты” демеушілігімен жобаны жүзеге асырғалы жатырмыз,– дейді аудан әкімі Руслан Рүстемов.

Ауыз су желісінің жалпы ұзындығы 4 шақырым, жоба құны 12 млн теңге. Өмір нәрі “Талап-Сырдария”топтық су құбырынан тартылады. Ең таңқаларлығы, бұл жұмысты  2 апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Мақсарының маңызы көп

Елімізде мақсары өсіріліп, өнім алына бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Одан алынатын негізгі өнім – асқатық май. Бір айта кетерлігі, сапасы күнбағыс пен мақта майынан кем емес. Бағасы да көңіл мен қалтаға қонымды. 

Қалдықсыз өнім саналатын осы мақсарыны Жаңақорған диқандары соңғы жылдар бедерінде егіп келеді. Бұл өнім майы алынғаннан кейін де керексіз болып қалмайды. Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындаса, Түркияда түрлі сабындар шығарады. Ал қытайлықтар түрлі дертке шипа болатын дәрі-дәрмектер өндіруде.

Ал біз қалдықты кәдеге жарата алмауымыздың салдарынан әзірге малға азық етіп отырмыз. Табиғаты жайлы аудан аумағындағы бірқатар ауылдарда көптеп өсірілуде. Тіпті құнарсыз деген жердің өзінде де мақсары көздің жауын алып жайқалып тұр.

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние-ай…

Қойнауы құт Қаратау баурайындағы Бесарық өзені бойында кезінде 62 су диірменінің қалағы шыр айналып, жұрт қажетіне жарап тұрыпты.

Бұл туралы бізге жергілікті өлкетанушы Үмбетәлі Әбибуллаев айтып берді. Бірақ оның бәрін көне дүние көрсе құтырынып шыға келетін қызыл әскерлер қиратып кеткен екен. Қазір жергілікті кәсіпкер Марат Әбдікәрімов солардың бірінің жұмысын қайта жандандырып отыр. Кәсіпкердің айтуынша осы диірменнен шыққан ұнның емдік қасиеті де бар екен. Қант диабетімен ауыратын адамға пайдасы зор көрінеді.

Ат спорты ұлттық

рухты көтереді

«Жаманбай батыр» ауылдық округінде тұратын жастардың ара­сында аударыспақ спортынан алдыңғы лектен көрініп жүрген жастар аз емес. Әуелі көкпаршылармен бірге додаға қосылған ауыл балаларының назары кейіннен аударыспаққа ауды. Солардың бірі – Әбдінәсірдин Файзулла бірнеше жылдан бері аударыспақпен айналысып, ел чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегерлер қата­рынан көрінді.

– Жылқы мінезіне бала кезден қанық болып өстім. Беріде аударыспаққа қызығушылығым оянды. Елімізде аударыспақ ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өткізіледі. Сайыскерлер салмақ бойынша таңдап алынады. Спортшыға қойылатын басты талап мінез бен күш. Ұлттық спорт түрін дамыту, соның ішінде, ат спортын жандандыру жекелеген адамдар үшін ғана емес, бүкіл облыс халқы үшін қажет. Өйткені онда жастарды елді, тарихты, ұлттық дәстүрді қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән бар, – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!