Ұрпақ тәрбиесі – жауапты іс. Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді. А.Макаренко «Ата – аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз» дейді. Жақсы перзент – ата-ана қолындағы аманаты. Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да мектепте де өз ісіне жауап бере алады.

Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде балаларды жазу – сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала, біріншіден, білімге құштар болса, екіншіден, ол еңбекке дағдыланады. Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады.

Күнделікті «беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т.б. деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі үлгілі, ақылды кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата-ана қадағалайды. «Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата – ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған – туыспен, көрші-көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да қалай тамақтанатыны, дастарқан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып-соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіру қажет.

Роза МАХАМБЕТӘЛИЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!