Қалалық білім бөлімінің Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында жасын ғұмыр иесі, қызмет бабында қаза тапқан журналист Сахитжан Бермағанбетов атындағы жас тілшілер үйірмесі ашылды.
Журналистикаға қызығатын балалар да енді мыңнан аса жеткіншекті біріктірген оқушылар үйінде топтасады. Оларға үздік медиа мамандар баспасөз, телевидение бағытында білім беріп, қабілетін жетілдіреді.
Қаламгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңындағы шараға қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Аралбаев, Сахитжан Бермағанбетовтің ата-анасы, ұстазы, журналистика саласындағы аға буын өкілдері қатысты.
Жиында жас тілшілер кабинеті салтанатты түрде ашылып, қас-қағым ғұмырында елге деген жанашырлығымен көптің көңілінде қалған тележурналист туралы естеліктер айтылды.
– Балаларға әр сала бойынша жан-жақты бағыт беретін, шығармашылыққа баулитын бірден-бір білім мен тәрбиенің ошағы – оқушылар үйі. Біздің жас әріптесіміз, бірақ осы салаға ерекше үлес қосқан Сахитжанның атында үйірменің болуы жас тілшілердің тәрбиесіне үлкен импульс береді деп есептеймін. Ол журналистикадағы аз уақыттың ішінде көп еңбек еткен және халықтың мұң-мұқтажын ақпараттық-аналитикалық хабарлар арқылы билікке жеткізіп, шешілуіне мүмкіндік жасаған санаулы журналистің қатарында аты аталатын, кейде өткірлігі жағынан жоғары тұратын азамат еді, – деді Жағыппар Қарабала.
Арнайы дайындалған кабинетте Сахитжан Бермағанбетов жайлы деректер мен фотосуреттер жинақталған. Ерекше айта кетерлігі, шарада «Сырдың саңлақ Сахитжаны» атты кітап таныстырылды. Мұнда оқушылардың журналист туралы үздік туындылары жинақталған.
Сондай-ақ оқушылардың қарым-қабілетін дамыту мақсатында облыстық білім басқармасы мен «Qyzylorda» телеарнасы, «Сыр медиа» ЖШС мен қалалық білім бөлімінің Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы арасында меморандумға қол қойылды.