Соңғы үш жылда жоғары оқу орындарының жатақханаларында 20 мыңнан астам жаңа орын берілді. Сондай-ақ студенттердің жатақханаларда тұру жағдайлары да жақсарды. 17 жоғары оқу орны студенттердің тұрғын үйге деген қажеттілігін толығымен шешті.

«Студенттік жатақханаларда жаңа орындарды беру еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Берілген жатақханалар бойынша көшбасшылар қатарында Нұр-Сұлтан қаласы – 4 060 орынға шақталған 6 жатақхана, Шығыс Қазақстан облысы –10 жатақхана (2 926 орын), Алматы қаласы – 11 жатақхана (2 698 орын), Шымкент қаласы – 9 жатақхана (2 434 орын). Ал, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы жатақханаларда пайдалануға берілген орын саны ең аз болып отыр», – деді ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов.

Студенттік жатақханалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынып, олардың құрылысына инвесторлар белсенді тартылып жатыр.

Сонымен қатар жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін жатақханаларға аса қажеттілік байқалатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл бағытта Министрлік тарапынан ғимараттарды қайта құру туралы 14-тен астам меморандум жасалды.

Жалпы, 2021-2022 жылдары бекітілген жоспарға сәйкес жоғары оқу оырнадарының жатақханаларында тағы 55 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуды және 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орынға шақталған жаңа студенттік жатақханалар салуды қамтамасыз етуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Бұл студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!