Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде осылай деді.

«Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді», деді ол.

Сондай-ақ «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауға шақырды.

«Біз «бірлігіміз – әралуандықта» формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады», деді Президент.