Қызылордалық есту қабілетінен айырылған Ақжібек Оразхан өзін құда баласы зорлады деп шағымданды. Айтуынша, күдікті оны түн жарымында есік алдынан күштеп алып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Таң ата әкеп тастапты. Қазір бойжеткен ауруханада жатыр. Туыстары күдікті жазадан құтылып кете ме деп алаңдап отыр. Ақжібек ауруханада жатса да, жанайқайын жеткізді. Оқиға болған күні ол әжетханаға бару үшін сыртқа шыққан. Сол сәтте құда баласы көлігіне күштеп отырғызып алыпты.

“Маған шырын ба, бірдеңе берді. “Іш, іш, тағы іш” деп айтты. Қорыққанымнан іштім. Басым айналып, жыладым, не істерімді білмедім. Бір қарасам, ұйықтап бара жатыр екенмін. Зорлады ма, бірдеңе істеді. Ұрды. Ертеңгісін азанда үстіме қарасам, киімім жоқ. Көп қан кетті, мен не болып жатыр, не боп кетті деп түсінбедім”, – дейді жәберленуші Ақжібек Оразхан. 

Ақжібектің анасы қызын түнімен табанынан тозып іздегендігін айтады. Құқық қорғау орындарына да арызданған. Ал таң атысымен қызы үйге өзі келген. Әбден үрейленіп, құр сүлдері қалған бойжеткен алғашында оқиғаны айтудан бас тартыпты. Кейін ғана мән-жайды жеткізген. Алайда күдікті дер кезінде қамалмады дейді жақындары. Сондықтан ол жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды.

“Дәрігерлерге де, прокуратураның бәріне кірдім. Еш жерде ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ. 6-ға 10 минут қалғанда қызымды әкеліп тастаған үйдің қасына келген машинаны неге полиция қызметкерлері ұстамайды”, – дейді Ақжібектің анасы Ғалия Үсенова. 

Басынан өткізген ауыр жағдайдан кейін Ақжібектің денсаулығы күрт нашарлаған. Қазір ол ем алып жатыр.

“Травмотология бөлімшесіне жабық бас ми жарақаты, бас ми шайқалуы диагнозымен келіп түсті. Түскен кездегі жалпы жағдайы орташа ауырлықта. Бас айналу, бас ауру, әлсіздік. Бас айналып құлау шағымдары болды”, – дейді қалалық көпбейінді аурухана дәрігері Айдынбек Беркінбекұлы. 

Мәселеге облыстық мүгедектер қоғамы да үн қатты. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

“Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі, яғни еркінен тыс қылмыстық қатынас жасау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталды. Оқиғадан бірнеше күннен кейін ұсталуының себебі іс бойынша жинақталған дәлелдемелер мен сараптама қорытындыларымен негізделіп барып ұсталып тұр”, – дейді Қызылорда қалалық тергеу бөлімінің бастығы Рақымжан Сұлтанқұлов. 

Күдіктінің бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істегенін полиция басқармасындағылар растап отыр. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!