Адам жаны – құпиясы ашылып бітпеген жұмбақ. Осы уақытқа дейін қаншалықты зерттелсе, соншалық зерттелуге тиіс құпия қырлары бар. Жантану ғылымы ми мен жүректі таразыға салып, болмысты жаңа қырынан тануға жол сілтейді. Осылайша өзін зерттеп, өміріне үңілген адам өзімен қайтадан танысқандай күйге енеді. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында тоқтаусыз «өмір сүру» процесі жүретіндіктен болар ешкімнің болмысына, таңдауына қарап, мынадай деп таңба басу мүмкін емес. Себебі өзгеру үшін бір-ақ сәт жеткілікті.

Көңілі құбылған, тұрақсыз адам табиғаты өзін түсіне алмай, кейде таңдау жасай алмай, шешім қабылдаудан қашып, депрессияға ұшырайды. Алайда соңғы уақытта кішкене көңілі бұзылса, өзіне «депрессия» немесе «стресс» деп диагноз қойып алатындар көп. Ең сорақысы өмір бойы үйінде отырып, жұмыс істемей, кейін бір апталық, он күндік курсты «оқып алған» психологтардың саны артуда. Өзіне психолог деген атақ беріп алғандар ауырғанның «жанын» емдей ала ма? Өзін түсінбей, өмірден түңілгендер кімдерге барып жүр? Неге қазір екінің бірі психолог? Психологты қалай таңдаймыз?

Ең алдымен ажыратып алайықшы. Кәсіби білімі бар психолог пен әуесқой психологтың басты айырмашылығы неде? Әрине, әуесқой психологтар, ең бірінші өзінің қажетіліктерін қанағаттандыруды көздейді. Яғни, олар үшін клиентке өзінің керек екенін, мұқтаж екенін сезіндіру маңызды. Бұндай кезде клиенттің мәселелері шешілмейді. Ал кәсіби терапия қарапайым «ас үйдегі әңгіме» деңгейінде өтеді. Уақытша тыныштандырады, өзі ақылдан шаршаған адамға кеңес береді.

Сенім телефоны – ақпараттар құпия сақталатын, мәселеңізді айтып, мұң шағуға болатын психологтар мен қарапайым халық арасындағы тікелей байланыс түрі. «Қала бойынша баяндасам, жыл басынан бері он ай ішінде сенім телефонына 4 мыңнан астам алматылық тұрғын шерін тарқатқан. Соның 500-ден астамы әлеуметтік түйткілдерін айтып, тығырықтан шығатын амал сұрап психологтарға шағымда­ныпты. Осы бес жүздің басым бөлігі – құмар ойын ойнап, онлайн несиені үйіп алып, қарызға белшеден батқандар.

Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығын­дағы 4 сенім телефонына тәулік бойы тыным жоқ. Күніне 30 адам мұң шағып, кеңес сұрайды. Өкініштісі, психологқа баруға ұялады», – дейді Жазира Бегалы есімді орталық қызметкері.

Жаны күйзелген жұрт психологқа барады делік. Себебі әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, екінің бірі «жан дәрігері» екенін атап өттік. Олардың әрқайсысы өзінше кітап шығарып, курс дайындап, сатуда. Алдынан мыңдаған адам өткен. Жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның айтуынша, саны көп, сапасы жоқ психологтарға баратындар – өз өміріне жауапкершілік алудан қашатындар мен шешім қабылдай алмайтындар.

– Қазір нумеролог, чакрологқа баруды сауатсыздық деп жатамыз. Бірақ бұған үлкен психологиялық негіз бар. Қазір адамдар шешім қабылдауда қатты қиналады. Неге Марк Цукерберг секілді байлар күнде бір киіммен жүреді. Олар бір маркадағы бірдей киімді көп мөлшерде сатып алып қояды. Бұның бәрі таңертең не киемін деп ойланып, шешім қабылдауға мәжбүр болмас үшін. Олар онсызда үлкен нәрселерді ойлайды, қиын шешімдер қабылдайды. Бизнесмен, саясаткерлердің қабылдаған шешімі көп адамдарға әсер етеді, нәтижесі қауіпті немесе сәтті болуы мүмкін. Сондықтан күндерін жеңілдету үшін күнде бірдей киінеді.

Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы құмалақшы, жұлдызшыларды қазір психолог, нумерологтар алмастырып жатыр. Бірақ сауатты психологтар өте аз екенін мойындау керек. Қазір әлеуметтік желіде қазақы ортада бұл бизнеске айналды. Психолог ретінде қабілеті жоқ, құр ақша алу үшін жұмыс істеп жатқандар да бар. Негізі мұндайларды «инфосығандар» деп атайды.Екінші жағынан қазір адамдар жауапкершіліктен қашады. Өз өмірі үшін өзі шешім қабылдауға қорқады. Өзіне бағыт беретін, орнына шешім қабылдап беретін адам іздейді. Бұны жалқаулық деуге де болады. Адамдарға алаяқтарға жемтік болмай, өз өміріне жауапты болуды үйрену керек, – дейді ол.

Ал психологты қалай таңдаймыз? Қандай критерийлер маңызды? Бұл туралы әркім әртүрлі пікірде болуы мүмкін. Себебі қазір кім танымал, кімнің ақпараты өтімді, кімнің оқырманы көп, сол кереметтей көрінеді. Және бұл жай ғана қате түсінік. «Психологиялық тренингтерге аса сақтықпен қарау керек. Бәлкім шетелден келіп біздегілерге тәлім беретіндерді бір жақсылап тексеріп отырған дұрыс шығар. Себебі осындай психологиялық тренинг пен бизнес курстардың біріне барған жақсы таныстарым қатты өзгеріп кетті. Баяғыдан істеп жүрген жұмыстарын тастап басқа салаға ауысқан. Тіпті, отбасылық өмірлерін де түбегейлі өзгерткендері де бар. Жақсы жағына болса бір жөн ғой. Баласын тастап кететіндерге жүрегім ауырады. Бұндай курстарда адамның санасына «шешім қабылдай біл», «өміріңді түбегейлі өзгерт», «өзің үшін өмір сүр» деген секілді ұстанымдар сіңіріледі.

Таныстарымның бірі қоймаған соң мен де бардым. Кеңсеге кіргеннен қайта-қайта су береді. Өзімнің суым бар деп ішпей қойдым. Курстан өтпес бұрын алдымен психолог сізбен сұхбаттасады. Жұмысыңыз ұнай ма, бала-шағаңызға көңіліңіз тола ма, арманыңыз қандай деген сияқты түрлі сұрақтар қояды. Мен бәріне бүкпесіз жауап бердім. Өзімнің бақытты екенімді айтып едім, әлгі маман керісінше «сіздің ішіңізде өзіңізге ұнамайтын нәрсе бар» деп шыға қоймады. Мен барлық адамда өзіне жақпайтын проблема бар емес па десем, енді соны шешейік деп кенедей жабысты. Түсінгенім, негізгі мақсат менің ішімнен әйтеуір бір кілтипан тауып алып соны емдеген болып ақша «сору». Содан қайтып мұндай курстарға жолағам жоқ. Бірақ барып жүргендер әлі көп», – дейді журналист Ерқанат Көпжасарұлы.

Оқырмандарға психологтан аулақ жүруді насихаттаймыз, олар үшін таңдау жасай алмаймыз. Алайда жан қиналып, күйзеліске түскенде барар «дәрігеріңіздің» кәсіби біліктілігіне, қанша жылдық тәжірибесі бар екеніне, оқырман санына емес, оқыған дүниесіне мән беріңіз. Алдымен өзін тексеріп, танып барыңыз. «Инфосығандарға» алданбаудың жолы – таразыға салып, саналы түрде ақ-қараны ажырата алуда, сөзге емес, әрекетке, процесске мән беруде. Ал неге қазір жастар мен үйінде отырған аналар ақша табуды үйретіп, дамуға шақыруға, психолог болуға құмар десек, «ақыл айту» ең оңай іс екенін еске алған жөн. Әрі жұртты кәсібилігіне сендіре алған психолог әр сеансы үшін 50 мың, 100 мыңдап табыс тауып отыр. Қосымша курстарды есептемей-ақ қоялық. Осындай теріс тұстарының салдарынан да болар, қаншалықты психолог көбейген сайын оған деген оң көзқарас азаюда.

Дина БӨКЕБАЙ