Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Сала қызметкерлері, мұрағатшылар мен кітапханашылардың жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетіндігін жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты. Тиісінше Президент жолдауындағы тапсырмалар аймақта өз деңгейінде орындалуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифифнгте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспары бектіліп, мәдени шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, ұлттық құндылықтарымыз бен қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің тәуелсіз жылдар аралығындағы жетістіктерін насихаттау мақсатында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы және Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Әлемге аян жырлары», «Тыңда, дала Жамбылды» атты дәстүрлі әншілер мен жыршы-жыраулардың концерттері, Сыр елі жыршы-жырауларының қатысуымен «Жырлансын, Жамбыл жырлары» атты жыр кеші өткізілді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – Сыр бойындағы аңыз әңгімелер, шежіре, батырлар жыры, қисса-дастандардың ел аузындағы нұсқаларын жинақтап, «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты үш томдық жинағын шығару жоспарланып, биылғы жылы антологияның І томы «Жанқожа батыр» деген атпен жарыққа шықты, – деді басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы.

Тағы бір жаңалық, жыл соңына дейін аймақта 4 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі. Мұнан өзге, «Жасай бер, Қазақ елі!» атты әнші-композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы мен «Тәуелсіздік төріндегі театр» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлының шығармашылық кешін өткізу жоспарлануда.