Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ә.Тәжібаев атын­дағы әм­бебап-ғылыми кітапханасының жұмысымен танысып, одан әрі, коворкинг орталығында «Кітап құрттары» клубының мүшеле­рімен кездесті.

Басқосу барысында клуб жетекшісі Талғат Меңдібаев клубтың Қазалы ауданында бөлімшесі ашылғанын және алда­ғы уақытта басқа аудандарда ашу жоспарда бар екенін жеткізді. Сонымен бірге ізденімпаз студенттерге ар­налған Қорқыт ата университетінде қосымша курс басталғанын айтты.

Кездесуде жастар аймақ басшысымен кітап оқу мәдениеті туралы еркін ой қозғады. Гүлшара Әбдіқалықова интеллектуалды ұлт қалыптастыруда кітап оқудың маңыздылығын қаперге салып, жастарды “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында қазақ тілінде жарыққа шыққан кітаптарды оқуға шақырды.

Облыс әкіміне клуб оқырмандары атынан “Қыз Жібек” дастанын табысталды. Сонымен бірге қала ішінде жастарды кітап оқуға жетелейтін бірнеше идеялар айтылды.

Кездесу соңында аймақ басшысы жастар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, алдағы уақытта жастар кеңесінде талқыланатынын айтты.