Биыл Сыр өңіріне белгілі сұңғыла сатирик, ақтаңгер ақын Қазыбек Әшірбекұлы 75 жасқа толды. Ақынның мерейтойына орай «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде рухани кездесу өтті.

Басқосуда облыстық мәслихат депутаты, ҚР Журналистер Одағының аймақтық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев мерейтой иесіне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы құттықтауын табыстады.

«Құрметті Қазыбек Әшірбекұлы! Сізді мерейлі 75 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! 20 жылдан астам уақыт Қызылорда облысында ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып, қоғам тыныштығын сақтауға елеулі үлес қостыңыз. Құқық қорғаушы ретінде абыройлы еңбек етіп қана қоймай, қаламгерлік қырыңызды да халыққа таныта білдіңіз. Әзіл-оспақ, сын-сықақ материалдарыңыз республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Халық», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде, «Ара», «Әлімсақ» журналдарында және басқа да басылымдарда үзбей жарық көріп тұрды. Көз майыңызды тауысып жазған «Күлкі керуен», «Жебе», «Ұрт пен жұрт» кітаптарыңыз бүгінде оқырманның олжасына айналды. Еңбегіңіз еленіп, талай марапатқа ие болдыңыз. Сыр өңірінің саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласып келесіз. Сізді осынау мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық шабыт, отбасыңызға құт-береке тілеймін!» делінген алғыс хатта.

Аймақ басшысының марапатына қаламгерлер қауымы да алғыс білдірді. Аманжол Сақыпұлы қаламгер шығармашылығындағы салмақты ой мен ұтымды пікірлерге тоқталып, дәстүрге сай шапан жапты. Жиында ардагер журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Жолдасбек Ақсақалов мерейтой иесі Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылық жолы туралы естелікпен бөліссе, «Сыр медиа» ЖШС Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбет ақынға ақжолтай тілегін білдірді.

Қазыбек Әшірбекұлы – аймақтағы алғашқы тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінде қызмет атқарған кезінде де өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкейге түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тастаған қаламгер. Өз кезегінде қаламгер облыс әкімінің арнайы марапаты мен шығармашылық ұжым ықыласына алғыс білдірді. Сақшылық қызмет пен сатиралық өнерді қатар алып жүрген қаламгермен біз де орайын тауып әңгімелескен едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!