Сән әлемінде түстердің үйлесімі әрдайым ерекше рөл атқарады. Дұрыс таңдалған реңктер кез келген образды жандандырып, оның тартымдылығын арттыра түседі. Сондықтан сәнқойлар әр маусым сайын дизайнерлер ұсынған жаңа түстерге назар аударады.

2026 жылдың жазында сәнгерлер бұрыннан қалыптасқан үйреншікті топтамадан бас тартып, батыл әрі тосын түстік үйлесімдерге бет бұруды ұсынады. Қызғылт пен қызыл, сары мен көгілдір, аспан түстес көк пен шоколадқа жақын қоңыр секілді жұп түстер алғаш қарағанда күтпеген таңдау болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы ерекшелік оларды маусымның басты трендтерінің қатарына шығарды.

Қызғылт және қызыл

Егер 2026 жылдың жазы үшін бір ғана түстік үйлесімді есте сақтағыңыз келсе, дәл осы комбинацияны таңдауға болады. Романтикалық қызғылт пен қанық қызыл сән көрсетілімдерінде жиі көрініп, сән блогерлері мен инфлюенсерлердің сүйікті таңдауына айналды.

Бір кездері әлемді жаулаған «барбикор» стилі қызғылт түсті басынан аяғына дейін киюді сәнге айналдырған болса, бүгінде бұл реңк әлдеқайда талғамды сипатқа ие болды. Қызыл түс образға айқындық пен жинақылық беріп, ерекше контраст қалыптастырады.

Әсіресе қызғылт реңктер алқызыл, шарап түстес немесе бургундиялық қызылмен үйлескенде әсерлі көрінеді. Сонымен қатар сән мамандары түстермен ғана емес, маталардың фактурасымен де тәжірибе жасауға кеңес береді. Атлас, былғары немесе күдері бұл үйлесімді одан әрі сәнді ете түседі.

Аспан түстес көгілдір және қоңыр

Кейінгі жылдары сән сахнасында қайтадан танымал бола бастаған аспан түстес көк реңк жаңа маусымда да өз орнын сақтап қалды. Дегенмен дизайнерлер оны бұрынғыдай бейтарап түстермен емес, қанық шоколад түстес қоңырмен үйлестіруді ұсынады.

Терең қоңыр реңк нәзік көк түстің салмағын арттырып, образға стиль мен айқындық береді. Мәселен шоколад түстес шалбар мен көк жейде, аспан түстес жеңіл көйлек пен қоңыр аксессуарлар немесе какао реңкіндегі жакет пен ашық түсті топтың үйлесімі ерекше әсер қалдырады. Бұл комбинация сәнді әрі әмбебап болғандықтан, күнделікті киім үлгісінде де, іскерлік стильде де тиімді қолданылады.

Көгілдір және сары

Сары түс сән әлеміндегі орнын әлі де жоғалтқан жоқ. Оның ішінде кремді, май түстес жұмсақ реңктер алдағы маусымда да өзектілігін сақтайды. Алайда бұрын бұл түс көбіне ақ немесе сүт түстес киімдермен үйлестірілсе, осы жылы оның жаңа серігі көгілдір түс болмақ.

Бұл дуэт жаздың жарқын көңіл күйін айқын көрсетеді. Екі түстің де жұмсақ болуы олардың көзге тым өткір көрінбеуіне мүмкіндік береді. Соған қарамастан мұндай үйлесім бейтарап түстерден құралған дәстүрлі образдардың арасында бірден ерекшеленеді. Сән мамандары бұл комбинацияны сүт түстес, кремді немесе құм түстес реңктермен толықтыруға кеңес береді. Сонда образ үйлесімді әрі заманауи көрінеді.

Лаванда және таңқурай түстес қызғылт

Бір кездері «әжелердің түсі» ретінде қабылданған лаванда реңкі бүгінде сән әлемінің басты фаворитіне айналды. Алайда ол өз мүмкіндігін таңқурай түстес қанық қызғылтпен үйлескенде толық ашады.

Бұл түстік жұп қарама-қайшы қағидасына негізделген. Сабырлы лаванда қанық қызғылттың қарқындылығын жұмсартады, ал қызғылт түс образдың тым нәзік немесе романтикалық болып кетуіне жол бермейді.

Егер бұл трендті байқап көргіңіз келсе, алдымен аксессуарлардан бастаған жөн. Ал сәнқойлар үшін ең өзекті шешім – екі түсті бір образда қатар пайдалану. Өйткені кейде ең әсерлі үйлесімдер алғашында бір-біріне мүлде сәйкес келмейтіндей көрінетін түстерден құралады.

Қызыл және кобальт көк

Осы жылдың жазында қызыл түс ерекше сұранысқа ие болмақ. Бұл жолы дизайнерлер оны жалғыз акцент ретінде емес, басқа қанық реңктермен үйлестіруді ұсынып отыр. Солардың ішіндегі ең танымалы – кобальт көгі.

Сән көрсетілімдерінде жиі кездескен бұл комбинация маусымның ең көзге түсетін түстік шешімдерінің біріне айналып үлгерді. Қанық қызыл мен ашық көк бір-бірін толықтырып, батыл әрі әсерлі образ қалыптастырады.

Қызыл жакет пен көк шалбар, көк жейде мен қызыл белдемше немесе осы түстердегі аксессуарлар кез келген киім үлгісін ерекше етіп көрсетеді. Егер бұрын қызыл түс образдағы жалғыз жарқын акцент саналған болса, енді сән ережелері әлдеқайда қызықты әрі еркін бола түсті.

Жаңа маусымның басты ұстанымы – түстерден қорықпау. Себебі 2026 жылдың жазы сән әлемінде батыл эксперименттер мен күтпеген үйлесімдердің кезеңі болмақ.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!