Қызылорда облысында 27-29 сәуір аралығында «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының II кезеңі ұйымдастырылды. Білімділер бәйгесіне I кезең қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған 900-ге жуық оқушы қатысты.

 Оқушылар Қызылорда қаласы және Қазалы ауданындағы №249 мектеп, Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп базасындағы «Ustudy» тестілеу орталықтарында компьютерлік тест тапсырып, бақ сынады.

Тест барысында әр өңірдегі орталық мамандары қатысушыларды алдын ала нұсқаулықпен таныстырып, техникалық ақаулар орын алмауын қадағалады.

«Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан 5-6 сыныпта оқитын ауыл балаларына арнап өткізіліп келеді. Олимпиада –  ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін академиялық қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба.

«Мың бала» олимпиадасын «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп ұйымдастыруда.

Айта кету керек, білім додасының бірінші кезеңі онлайн форматта арнайы әзірленген  платформада өткізілді. Олимпиадаға Сыр елінен 11 мыңнан астам оқушы тіркеліп, онлайн тестке қатысты.

Республика бойынша бұл кезеңде Қызылорда облысының оқушылары жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, алғашқы үштіктен көрінді.

Ал, екінші кезеңнің нәтижесі 15 мамырда анықталмақ.

Олимпиада жеңімпаздарына еліміздегі үздік мектеп, лицейлерде оқуын жалғастыру мүмкіндігі бұйырмақ. Атап айтсақ, жеңімпаздар квота бойынша еліміздегі дарынды балаларға арналған жетекші мектептер – республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне оқуға түсуге жолдама алады.