Отандық көліктерді алуға жеңілдетілген автокредит беру қайта басталады. Осы арқылы билік 15 мыңдай жаңа көлікті нарыққа енгізуді көздейді. Биыл елімізде ресейлік Lada маркалы автомобильдердің саудасы тоқтатылды. Соған қарамастан темір тұлпардың саудасы артқан. Мысалы, былтыр қазақстандықтар автокөлік алуға 168 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2019 жылғы ұқсас кезеңдегіден 30 пайыз жоғары болған. Ал биылғы І тоқсанда ел тұрғындары 24 мың 161 жаңа жеңіл көлік, жүк көлік және автобус иеленді. Осылайша, сауда өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, 2021 жылғы қаңтар-наурыз аралығында 35 пайызға өскен.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, елімізде 26 мың 63 көлік құрастырылған. Қазіргі кезде ішкі жаңа көліктер нарығындағы «Қазақстанда жасалған» көліктердің үлесі 65 пайыздан асыпты. Мемлекет көліктерді шетелден шашып, әкеліп, цехтарда құрастырып, отандық автозауыттарға қолдау көрсетуде. Егер утилизациялық алым жойылмаса немесе азайтылмаса, онда аты отандық, заты жатжұрттық көліктердің үлесі болашақта 100 пайызға жуықтауы мүмкін. Бірақ бұл көрсеткішпен мақтануға болмайды. Себебі, бұл Куба, Иран секілді артта қалған елдердің көрсеткіші. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық машина жасау саласы орта есеппен 120,6 пайызға өсіп келеді деп мәз.

 Биыл елдегі автозауыттар 195,4 миллиард теңге табыс тапқан. Дегенмен сатылған машинаның бәрі бірдей жеңіл көлік емес. Олардың – 22924 мыңы ғана соған тиесілі. Қалған 2329-ын – жүк көлігі, 443-і – автобус, 270-і – тіркеме-прицепт, 97-сі өзге мамандандырылған техника. Өткен жылы отандық «Азия Авто» зауыты өндірісін жапқаны мәлім. Нәтижесінде былтырдан бері «Лада» автокөлігінің сатылымы бірден 82 пайызға құлдырады. Биылғы 4 айда қостанайлық «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» 16459 дана жеңіл, жүк көлігін және автобустарды шығарып, өндіріс көлемін 35,6 пайызға арттырды. Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» кәсіпорны 7 556 жеңіл көлік жасады.

Ал сарапшылар елдегі автопарктің көнеріп бара жатқанын айтуда. Себебі, сатып алынып жатқан жаңа көлік саны тез қарқынмен ескірген машиналардың санынан басым түспек түгіл, ілесе алмауда. Сондықтан билік Қазақстандағы автокәсіпорындар құрастыратын көліктерді бюджет қаражаты есебінен азаматтарға арзан кредитке беру жобасына қайта оралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бәйтерек» ұлттық басқарушылық холдингін кредиттеу бойынша бюджеттік бағдарлама жобасын жария етті. Осы бағдарлама аясында ел қазынасынан алған миллиардтарды «Бәйтерек» ары қарай «Қазақстанның даму банкі» АҚ арзан бюджеттік кредит ретінде табыстайды. Өз кезегінде ҚДБ ол қаражатты отандық өндірістегі жеңіл көліктерді сатып алатын жеке және заңды тұлғаға жеңілдікті автокредит түрінде үлестіреді.

Жаңа жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасы тек келесі жылы басталады. Оның үстіне 3 жыл бойы қаржыландырылады. Нәтижесінде 2022 жылы – 30 миллиард, 2023 жылы – 35 миллиард, ал 2024 жылы аса ірі сома – 40 миллиард теңге бағыттау ұсынылды. Осы миллиардтар арқасында 2022 жылы «Қазақстанда жасалған» 2500, 2023 жылы – 6538, ал 2024 жылы – 5632 жеңіл автомобилді жеңілдікпен несиеге сату жоспарланып отыр. Яғни келесі жылы әрбір отандық көлікке – 12 млн теңгеден, 2023 жылы – 5,4 млн, 2024 жылы – 7,1 миллион теңгеден бөлінуі мүмкін.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!