Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметті инфляцияны 6-4 пайыз дәлізіне қайтаруға міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз инфляцияның бақылаусыз өсіміне тап келдік. Ұлттық банк, Үкімет оны әлемдік тенденцияларға сілтеп, инфляция алдында дәрменсіз болып шықты. Мұндай сипаттағы желеулер ұлттық экономиканың қауқарсыздығын көрсетеді. Тағы бір сұрақ туындайды. Сонда біздің кәсіби экономистердің рөлі неде? Ұлттық банк пен Үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 6-4 пайыз дәлізіне қайтару», – деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды. «Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», – деді Президент.