Арал ауданында орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты аудан орталығы мен қала, кент және ауданға қарасты барлық ауылдық округ орталықтарында төрт-түлік малға қажетті жем-шөптің сатылымы ұйымдастырылды.

Арал ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен шара аясында 40-қа жуық жүк және орташа жүк автокөліктерімен аймаққа қарасты көршілес аудандардан және Ақтөбе облысының Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан 1400 тонна шөп және 32 тоннадан астам жем жеткізіліп, жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада саудаланды.

Жаппай аудан көлемінде өткізілген шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төрахметов, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов аудан орталығындағы және Сексеуіл кенті мен Аққұм ауылдық округінде өткізілген жем-шөп сатылымының басында болып, мал азығын алуға келген жұртшылықпен кездесіп, бұл тығырықтан шығу үшін «Бір жағадан бас, бір жеңнен» қол шығарып әрекет етуге шақырды.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекше, алдағы қыстан малды аман алып өту үшін ауданға мал азығының тұрақты келіп тұруы маңызды. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан жем-шөп сатылымының да басты мақсаты – жергілікті халықты өз аумақтарынан тиімді бағада қажетті мал азығымен қамтамасыз ету»,- дейді Б.Төреахметов.

«Бұл жұмыстар әсіресе, ауыл жұртшылығы үшін тиімді. Өйткені, биылғы қуаңшылық басталғалы ауданға мал азығының келуінің өзі мұң болған еді. Себебе, қуаңшылық жалғыз біздің өңірде ғана емес екенін ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Соныдықтан ауданымыздағы мына қуаңшылық мәселесі ескеріліп, төтенше жағдай жариялануының арқасында бүгінде мал өлімі тұрақталып, осы жұмыстардың басы-қасында халық үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың арқасында жеткен Болат Өтемұратов қорынан және де өзге көптеген көмектердің арқасында малдың қоңы кіріп, ел еңсесі көтеріліп қалды. Алғыстан бөтен айтарымыз жоқ. Дегенмен, алдағы қыстан аман-сау өту үшін әліде шем-шөп қажет. Міне, бүгінгі ұйымдастырылған жұмыстар осылай жалғасын таба берсін дейміз, – дейді шижағалық шаруалар қауымы.

Айта кетейік, мал ұстап отырған тұрғындарды қажетті жем-шөппен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында дәл осындай шара тамыз айының 21-і күні өткізіледі деп жоспарлануда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!