Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев қаладағы Н.Тілендиев көшесінде жаңадан салынып жатқан «Наман ата» спорт кешеніне барды. Жеке кәсіпкер Марат Сарсенбай қала әкіміне жаңа спорт кешенінің құрылысын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Спорт кешенінде жабық залда күрес, волейбол, футбол, сыртта 2 шағын футбол алаңы және жанында қымызхана салынуда. Сондай-ақ, ғимаратта киім ауыстыратын, медициналық бөлме, басқа да қосалқы жайлар орналасқан. Кәсіпкер алдағы уақытта кешен жанынан қонақ үй мен бассейн салу жоспарымен де бөлісті.

Кешеннің құрылыс жұмысымен танысқан Ғанибек Қонысбекұлы қаламыздың спорт саласын дамытуға бар жағдай жасап, елге қызмет етемін деген елжанды азаматтарды қолдайтынын және бірлесіп жұмыс жасайтынын жеткізді. Биыл желтоқсан айында табыстау жоспарланып отырған кешеннің аумағы 5663 шаршы метрді құрайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!