Фото: ашық дереккөзден
Бүгінде бала тәрбиесі – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Себебі ұрпақ – ел ертеңі, жарқын болашақтың көшбасшысы. Саналы перзент тәрбиелеу қай заманда болмасын қоғам алдындағы басты міндет. Бұл орайда бала тәрбиесі мектеп пен отбасы тарапынан екі жақты жауапкершілікке ие.
Бала тәрбиесі – күрделі әрі жауапты міндет. Баланың алғашқы тәрбиешісі де, ұстазы мен сырласы да оның ата-анасы. Ал отбасы − баланың қалыптасуындағы алғашқы және маңызды институт. Сондықтан, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі өте маңызды. Ата-ананың мейірі мен махаббаты баланың жан-дүниесінің қалыптасуына үлкен әсер етеді. Ал бұл кезекте олардың арасындағы қарым-қатынастың рөлі зор. Баланың сенуі, ашық сөйлесіп, пікірін, ойын білдіруі бала үшін өте маңызды. Мұндай ашық қарым- қатынас ата-ана мен баланың арасындағы байланысты нығайтып, баланың өзіне сенімді болуына көмектеседі. Эмоциялық қолдау баланың психологиялық тұрғыдан сау болып өсуіне ықпал етеді.
Ата-ана баланың білім алуына ерекше көңіл бөлуі керек. Баланың мектептегі жетістіктері мен оқудағы қиындықтарына назар аударып, оған қолдау көрсету маңызды. Оқу процесінде көмектесу, оның жетістіктерін мадақтау және қателіктерін түсіндіру арқылы ата-ана баланың білімге деген қызығушылығын арттырады.
Ата-ана баланың моральдық және құндылық негіздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Адалдық, мейірімділік, жауапкершілік, сыйластық сияқты құндылықтарды балаға үйрету ата-ананың міндеті. Бұл баланың болашақта дұрыс шешім қабылдап, қоғамда лайықты орнын табуына көмектеседі.
Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі өте маңызды. Ата-ана − баланың алғашқы ұстазы, тәрбиешісі және қорғаушысы. Балаға дұрыс тәрбие беру – ата-ананың жауапты міндеті. Осы міндетті орындау арқылы ата-ана ұрпағының болашағына зор үлес қосады. Баланың жан-жақты дамып, қоғамда лайықты орын табуы үшін ата-ана барлық күш-жігерін салуы тиіс.
Жұлдыз ІЗІМОВА,
№178 орта мектептің бейінді оқыту жұмысы
жөніндегі орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!