Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Алайда депутат Қазыбек Иса заңның қазақша атауы дұрыс еместігін айтып, сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат құжаттың қазақша атауы түсініксіз екенін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа айтты. Сол себепті ол заң жобасын басқаша түзету керектігін айтып, өз нұсқасын да ұсынды.

 “Заң жобасының – қазақшасы қазақша емес. Түсініксіз тілде. Менің ұсынысым – «Халықаралық су ағындарының кеме жүрмейтін түрлерін пайдалану құқықтары жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы». Жөндеп қойған дұрыс, бұл менің ұсынысым”, – деді депутат.

Ерлан Қошанов депутатқа бұл мәселе Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде қаралатынын жеткізді. 

“Жалғыз сіздің айтқаңыз ақиқат болмайды. Оны қарау керек”, – деп жауап берді Ерлан Қошанов депутат ұсынысына.

Мәжіліс төрағасы жұмыс тобында заң атауын қарау керегін тапсырды.
Ал депутатар заң жобасын жұмысқа алуға қатысты қаулыны дауысқа салып, оны қабылдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!