Қаладағы орталық мәдени және демалыс саябағы қызылордалықтардың жанын тынықтырып, демалыс күндері балалардың көңілін көтеруге арналған қаланың мәнді де сәнді жерлерінің бірі.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өзінің маусымдық жұмысын бастаған орталық саябақ – қала халқының бос уақытын өткізетін, адамдарға қауіпсіз ортада бір-бірін жақынырақ тануға мүмкіндік беретін, еңбекқор тұрғындарды қаланың күйбең тіршілігінен демалдыратын, балалардың сан түрлі аттракциондарда көңіл көтеруіне жағдай жасайтын және жай ғана табиғатты тамашалауға мүмкіндік беретін керемет орын.
Жақында балалар мен жасөспірімдердің, тіпті отбасылардың бірге уақыт өткізуіне болатын сүйікті орны – қалалық мәдени және демалыс паркі жаңа маусымын бастады. Қала әкімі Асылбек Шаменов шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған әсем де жайлы демалыс орнына арнайы барып, қызылордалықтарды жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтады. «Жайнаған жаз мезгілін көңілді өткізіп, бірлік пен берекені, ырыс пен ынтымақты ту етіп жүре берейік. Бірлік мерекесімен қатар қалалық демалыс паркі ашылып жатыр. Қос бірдей мерекемен құттықтай отырып, сіздерге шат-шадыман көңіл-күй, отбасы ордаларыңызға бақыт тілеймін!» – деді шаһар басшысы.
Қызылордалықтардың ерекше жақсы көретін орнына айналып үлгерген демалыс паркіндегі барлық аттракциондар түбегейлі тексерістен өтіп, тұрғындарға жақсы әсер сыйлауға сақадай сай тұрғаны да сөз етілді. Қала халқының жаз маусымында уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында биыл түрлі мәдени шаралар, көңілді кештер өткізіліп, келушілерге жайлы орта қалыптастыру жоспарлануда. Тағы бір жағымды жаңалық – бұған дейін жартылай сенімгерлік басқаруда болған қалалық мәдени және демалыс паркі осы жылдан бастап қалалық мәдениет және спорт бөлімінің теңгеріміне қайтарылды. Алдағы уақытта бәрімізге ыстық көрінетін демалыс кешенін дамыту, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар жоспарланған.
– Жаз басталса, балалардың ойын іздеп, далақұмар болатыны белгілі. 3 балапанымыз бар. Жас отбасы болғандықтан барлығы да мектеп жасына жеткен жоқ. Орталық парк ашылғанына өзім де, балаларым да ерекше қуандық. Мұнда түрлі аттракциондар бағасы жағынан да, қауіпсіздігі жағынан да алаң тудырмайды, ыңғайлы. Әрі жыл сайын жаңа аттракцион түрлері қосылуда. Мұның өзі де қуаныш, жақсы жаңалық. Қаладағы басты ойын алаңының тұрақты келушілері ретінде парк жұмысына сәттілік тілеймін! – дейді.
Айта кетейік, былтырғыға қарағанда өзгерістің көп орын алғанын аңғару қиын емес. Аттракциондар шынында да көбейген. Батутта ойнап жүрген балақайлардың жүзінен қуаныш көрінеді. Ата-ана да шат-шадыман күйде жүр. Қалалық паркте түрлі ойындар мен қызықты жарыстар өткізіліп тұрады екен. Мысалы, кішкентай балаларға арналған шар ату, секірмек, баскетбол, балық аулау, лабиринт секілді ойындар бар, олардың қызығушылығын ояту мақсатында жеңімпазға түрлі ойыншықтар сыйлыққа беріледі. Ең қызығы, тек балаларға ғана емес, ересектерге де түрлі аттракциондар бар. Қала тұрғындарының айтуынша,«Пират», «Zik-Zak», «Айналмалы шар», «Американская горка» ерекше әсерлі.
Бала кезімізде ата-анамызбен бірге аттракциондар саябағына келгеніміз, тәп-тәтті балмұздақ пен үлпілдек мақта жегеніміз, түрлі карусельдерге отырып мәз болғанымыз әрқайсымыздың жадымызда әлі күнге дейін анық бояулармен сақталған. Сол секілді осы күнгі балалардың да балалық шағын есте қаларлықтай өткізуді көздейтін орталық парктің ашылғанына бала да, ата-ана да ерекше қуанышты.
«Қаламыздың мәдени және демалыс паркі – отбасылық уақытты керемет өткізуге арналған таптырмас орын. Балаларымыз түрлі аттракциондарда көңіл көтеруге мүмкіндік алса, өзіміз қаланың ығы-жығы қарбалас өмірінен бір демалып қаламыз», – дейді қала тұрғыны Жанар Әбдіразақ.
Орталық саябақтың ойын-сауық кешені – барлық жас санатындағы адамдарға ұмытылмас жарқын эмоциялар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймайды, қалтаға да ауыр салмақ салмайтын қолжетімді бағада ұйымдастырылған. Жастық шағын жайдарлы сәттермен толтырғысы келетін қала жастарының ең жиі бас қосатын жері де – орталық парк. «Қаламыздың көркін келтіріп тұрған аздаған жердің бірі осы саябақ дер едім. Бұл жерге достарыммен жиі келіп тұрамыз. Аттракциондардан бөлек, паркте түрлі концерттік шаралардың да жүйелі ұйымдастырылып тұратыны ұнайды. Мен секілді жастарға да, үлкенге де, кішіге де әдемі уақыт өткізуге болатын жер ретінде бәріне кеңес беремін», – дейді студент Нұрлан Бекмырза.
Қазіргі сәтте жаңа маусымын бастаған саябақтың барлық аттракциондары жұмыс жасап тұр. Атап өтетін маңызды нәрсе, аттракциондардың қауіпсіздік жұмысына парк әкімшілігі жауапты болғандықтан, барлық ойын-сауық құрылғыларының сапалы қызмет көрсетуіне мән берулерін сұраймыз. Қала халқына, әсіресе, балаларға паркте қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеміз.
Айта кетейік, ойын құрылғыларының бағасы да қызылордалықтардың қалтасына қолайлы. Мәселен, мұндағы аттракциондар 250 теңге мен 500 теңге аралығында. Жалпы есеп бойынша ішінде 100-ден аса түрлі ойын-сауық құрылғылары бар екен. Әрі мұнда футболсүйер жастар жиі бас қосып тұрады. Ең бастысы, балалар қуансын! Бар жақсылық – балаларға!
Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!