Қызылорда облысында әлеуметтік жауапкершілікті тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқан «Қазгермұнай» акционерлік қоғамы тағы бір игі бастамамен ерекшеленді. ЖҚ «Розалия и Эмир» жанындағы балаларды дамыту орталығына қаржылай қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Аталған қайырымдылық көмек аясында орталық тәрбиеленушілері үшін арнайы ауыр кеудешелер (утяжелённые жилеты) сатып алынды. Бұл құралдар сенсорлық интеграция барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға оң әсерін тигізеді. Жилеттер балалардың мазасыздығын азайтып, зейінін арттырып, өздерін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Жабдықтарды дұрыс сақтау мақсатында жилеттерге арналған арнайы ілгіштер мен иықшалар (плечиктер) да алынды. Бұл өз кезегінде орталықтағы тәртіпті нығайтып, құралдардың ұзақ уақыт қызмет етуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар, емдік дене шынықтыру (ЛФК) залына екінші жүгіру жолағы орнатылды. Бұл жаңашылдық жаттығу кестесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, балалардың жеке жұмыс жасауына жағдай туғызады. Нәтижесінде, орталықтағы түзету-дамыту жұмыстарының сапасы арта түспек.

Орталық төрайымы Розалия Рахимова көрсетілген қолдаудың маңыздылығына тоқталып:

«Мұндай жан-жақты көмек біздің орталық үшін өте маңызды. Балаларға қолайлы жағдай жасап, олардың дамуына ықпал ету – басты мақсатымыз. «Қазгермұнай » АҚ-ның қолдауы бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты», – деп атап өтті.

Бүгінде «Розалия и Эмир» жеке қоры ерекше балаларға сапалы түзету-дамыту қызметін көрсетіп келеді. Ал мұндай әлеуметтік бастамаларды қолдау арқылы «Қазгермұнай» АҚ өңірдегі қайырымдылық мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосуда.

Орталық ұжымы мен ата-аналар қауымы демеуші компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, игі істерінің жалғасын табуына тілектестік білдіреді.

Дайындаған Ж.МЫРЗАЛИЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!