Қазақта мәдениет деген сөз бар. Оны адамның сөйлеген сөзіне, істеген ісіне, киген киіміне байланысты ажыратады. Сондай-ақ үйдің ішінің де, сыртының да тазалығында үлкен мәдениеттілік жатыр. Ал шаһар тазалығы – қала мәдениетінің бір бөлігі, біздің ортақ міндетіміз. Бүгінде көліктің ішінде келе жатып терезеден қоқыс лақтыру, бос бөтелкенің шынысын әр жерге тастау жиілеп кетті. Есесіне қоқыстан көз ашпай келеміз. Сонда өзін мәдениетті санайтын адамдар қайда қалды?

Бауыржан Момышұлы көшесі

Бірде қоғамдық көлікте келемін. Іші толған жастар. Қолдарында бір-бір сусын құтысы. Оны көліктен түскен бойда далаға лақтырып кетті. Ешқандай қоқыс жәшігі жоқ. Айнала тап-таза. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бес адамның бірі «мұнымыз ұят» демеді. Артынша егде тартқан кісі ыдыстарды қаптың ішіне салып жатты. Тазалықшылар амалдың жоқтығынан осылай ете ме? Қазірдің өзінде қоқыстан көз ашпаймыз, күн болса жылынды. Сонда жазда қалай болады?  «Қызылорда көркейді» деп жатады. Оған айтар дауымыз жоқ, дегенмен тазалықшылардың еңбегін бағалау артық етпес. Мәселен, «Қызылорда тазалығы» қанша жұмыс істесе де, олардың еңбегі көзге көрінбейді. Тұрғындар таң ата шығарылуы керек қоқысты түс ауа шығарады. Өйткені оны көшеде кезіп жүрген ит пен мысық шашып кетуі әбден мүмкін. Сөйтіп келіп таяқтың бір ұшы «Қызылорда тазалығына» келіп тіреледі. Күні кеше әріптесім Нұрболат Нұржаубаймен бірге көше аралауға шықтық. Мұндағы мақсат – қала тазалығының жұмысымен танысу. Біз «Қызылорда тазалығымен» бірге тұрғындардың пікіріне құлақ астық.

Бауыржан Момышұлы көшесі

   Қаланың келбеті сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақпен өлшенбейтіні сізге де, бізге де белгілі. Оның үстіне қалада қаншама өзгерістер орын алды, әдемі үйлер салынып, қаланы көркейтіп, безендірді. Шынында, «Қызылорда» қазір адам танымастай. Бірақ қаланың шет аймақтарын көрсеңіз, бұл ойыңыздан қапелімде айнып қаласыз. Себебі қоқыстан көз ашпайтын аймақтар әлі де бар. Қаланың ажары тазалығына байланысты. Осыны ескерсек, қаланың таза, әдемі, әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Шаһар тазалығын қай кезде де басты орынға қойған абзал. Бұл арқылы перзентіміздің таза ауада тыныстауына ықпал жасаймыз. Әйтпесе қоқыстың иісінен терезе ашпай, таза ауаға серуендей алмай төрт қабырғадан шыға алмай отырғандар қаншама?

Біржан ДАЛАБАЕВ,

қалалық ТКЖ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– «Қызылорда тазалығы» серіктестігі заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Қазір көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 42 арнайы қоқыс жинақтаушы көлік, 6 КамАЗ, 6 арнайы тіркемесі бар трактор, 3 жүк көлігі жұмылдырылған. Қаланың 813-тен астам көшесінің тазалығын қамтамасыз етуге 140 жұмысшы күші, 58 жүк тиеуші, 60 жүргізуші біріктірілді. Қоқыс шығару жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Түнгі ауысымдық жұмыстарға 7 техника қарастырылған. Алайда, тұрғындардың тазалық мәселесіне бейжай қарауы, тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастауының салдарынан еткен еңбектің зая кететіні бар. Тиісті мекемелер тарапынан тұрақты түрде тазалық рейдтері жүргізіліп отыр. Қоқысты белгіленбеген орынға тастау фактісі тіркелген жағдайда ескерту, нәтиже шықпаса, айыппұл төлеу қарастырылған. Дегенмен, бұл жерде тұрғындарда қоқыс тастау мәдениетінің қалыптасуы маңыздырақ. Қысы-жазы тыным таппай, қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегін естен шығармауымыз керек.

   Біздің бағытымыздың бірі – Бауыржан Момышұлы көшесі. Ол жер шыны керек, қоқыс алаңына айналған. Тұрғындар да, көлікпен өтіп бара жатқан халық та қоқысты лақтырып кетеді. Ит пен мысықтан қалғаны желмен ұшып, көшенің шырқын бұзған. «Қызылорда тазалығы» сол маңайды таңғы сағат 8-де тазалаған. Қайтара түскі сағат 3-те барғанында тағы да үйіліп тұрған қоқысты кезіктірдік. Ішінде қолданыстағы қалдықтардан бөлек, өлексе де, өртенген заттарды да кездестіруге болады. Сөйтіп жауапсыздықты өз көзімізбен көрдік. «Қызылорда тазалығымен» бірге жүрген сәтімізде ашынған көше  тұрғындары реніш білдірді.

Бауыржан Момышұлы көшесі

Гүлзинат ЖҰМАБЕКОВА,

«Қызылорда тазалығы» ЖШС сектор меңгерушісі:

– Бауыржан Момышұлы көшесін азанда ғана тазаладық. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жер қоқыстан көз ашпайды. Жеңіл көлікпен әкеліп тастайтындар көп. Пакет желмен ұшып жатыр, қағаздарды қосыңыз. Қорадан шыққан қи, өлексені де осында қалдырады. Қоқысты осы жерге өртеп кетеді, мына жерде жарықтың бағаны тұр. Оған да назар аударып жатқан адам жоқ. Осы жерді, қоршаудың іші-сыртын бәрін айнадай қылып тазалағанымызға 4 күн уақыт өтті. Міне, қазір қараңыз, қайтара қоқыс. Тұрғындар кеше техника сұрады. «Жақында ғана тазаладық қой» дедім, айтатындайы бар екен. Қоқысты өртеген кезде халықтың қалай қорықпайтынына таңым бар. Анау бөрене жанса, ешкім де тоқтата алмайды. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ нәтиже жоқ. Теріп жинауға таңғы 8-де шығады, ал техникамен жинайтындар 7-ден бастап жұмысына кіріседі. Жұрттар 9-10-да тұрып, қоқыс тастаймын дегенше, ол жерді тазалап кетеді. Әл-фарабидің айналасына тәуекел дейік. Ал мына көше орталық қой. Айналасында көше, үйлер бар. Бұл үйлердің біреуінде де қоқыс жәшігі жоқ. Заңдылығында өздері контейнер қойып, оған тек қана тұрмыстық қалдықтарды тастау керек. Үйден шыққан қосымша қоқыстарды арнайы тапсырыс арқылы шығару керек. Оған қалтасынан ақша шығарғысы келмейді. Бүгінгі таңда шағым түспейтін жер жоқ. Фейсбук дерсіз, инстаграм дерсіз, бәрі де арызқой болып кеткен. Бәрі де шағым айтқыш. Таң атқаннан бері жұмыс істеп жатқан тазалықшылардың еңбегін бағалап жатқандар аз. Біреу осы қазір қоқыс тастады ма, оны сол сәтте екіншісі шығып әлеуметтік желіге жүктей салады. «Әкімшілік қайда қарап отыр?» деп әдетіне  басады.

  Сәні кеткен бұл көшенің тұрғындарына тиісті мекеме тарапынан бірнеше ескерту жасалып, қоқыс орны қайта-қайта тазартылған. Бірақ құлақ асатын адам табылмай тұр.

Суретте Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындары

Бисен ӘУБАКИРОВА,

Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғыны:

– Қоқыс тастамау жөнінде афишаны өзіміз-ақ ілейік дедік. Бұл жерге қоқыс тастамайтын адам жоқ. Көлікпен қанша мәрте келіп қалдырып жатыр. Қайсыбіріне айтып, қайсыбірімен жағаласып жүретінімізді білмеймін. Осы жерді қоқыс алаңына айналдырып алды. Тазалаудың кемі жоқ, бірақ оған қарап жатқан адам жоқ. Қоқысты тастаған үстіне тастай береді. Біз – осы көшенің тұрғынымыз. Бұрын бұл жерге дым қоқыс тасталмайтын. «Қоқыс тастамаңыз, айыппұл салынады. Жасырын камера орнатылған» деп жаздырып қояйық. Жаздай терезе аша алмаймыз, балалар бір күні қоқыстың ортасында ойнайтын шығар. Біз жинап-жинап шаршадық, нәтиже керек. «Қызылорда тазалығы» тарапынан техника жұмылдырылса, біз көше тұрғындары жиналып, осы жерді мұнтаздай етіп тазаласақ. Тұрғындарды жинау қиын емес, бізге тек техника берсін. «Қазақ» десе өзімізге тиеді. Осы қоқысты әр үй өздері жинаса, бұлай шашылмас еді. Қоқыс жәшігіміз бар. Оны көшеге шығарсақ, барлығы соған тастап кетеді. Бұрын бұл жер тап-таза еді. «Ыбырайхан» ЛТД екі-үш қоқыс жәшігін әкеп қойды. Содан бастап қоқыс алаңына айналды. Бірақ шамалы күннен соң ол қоқыс жәшігін қайта алып кетті. Менен «қоқыста тұрасың ба?» деп сұрайтындар бар. Жауап беруге ұяламын. Қоқыс жәшігі болған, ақшасын біз төлейміз. Өзгелер қоқысын соған салып кетеді. Сосын өткізіп тастадық. Көше тұрғындарына айтып, бұл жерді көгалдандырып, тал егеміз. Барлық тұрғынды осы апта сенбілікке шақырамыз. Тазаланған соң өзіміз күзетіп, кім қандай қоқыс тастады, соны суретке, видеоға түсіріп, есеп беріп отырамыз. Кім қоқыс қалдырады, сол тиісті мамандардың қадағалауымен айыппұл арқалайды.

Тазалық мәдениеті – қала тұрғындарының кемшін түсіп жатқан тұсы. Таң сәріден көше сыпырып, қоқыс терген жұмысшылар тұрғындар жауапкершілігінен үмітті.

Алмас НҰРҒАЛИЕВ,

қала тұрғыны:

– Қаламыздағы С.Асфендияров көшесі «светлый» канал, қоршаған ортаға, табиғатқа жанашырлықтың жоқтығы,  қазағымның санасының төмендігі ме? Құрметті қала тұрғындары, елге жандарыңыз ашымаса да, ең болмаса табиғатқа жандарыңыз ашысын. Тұрғындардың жауапсыздығы, әйтпесе апта сайын қоқысты трактормен жинап жатады. Жауапты мекеме, қоқыс тастағандарға қатаң айыппұл салу керек.

Тұрғын  үйлердің маңында бей-берекет шашылған күл-қоқыс үйінділері көше  сәнін бұзып  тұр. Бұндай көріністі қала аумағынан  жиі кездестіруге болады. Жауапты мамандардың кемшілігі бар екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, шаһар тазалығына бей-жай қарап, кез-келген жерге қоқыс төгетін тұрғындардың да кінәсі бар.

Нұржан БАЙЖІГІТОВ,

қала тұрғыны:

– Күні бойы шаң көтерілді ме деп жүрсем көк түтін екен. Жүрген жерімде қоқыс контейнерлерінің 70-80% өртеп жатады. Мысалы, Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы Желтоқсан мен Бектұрғанов көшелерінің қиылысындағы, шанхай бетте бірнеше контейнерлерден будақтаған түтін қолқаны алып, халыққа зиянын тигізіп жатыр. Қазіргі айтып жатқаным, жер үйлердің, жеке сектордағы дүкендердің қоқыс контейнерлері туралы әңгіме. «Қызылорда тазалығының» тарифін қымбаттатуы да осындай жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. 8-9 ай ішінде төрт жүз теңгеден 942 теңгеге өсіру арқылы (дүкендердікі одан да қымбат) абоненттің қалтасына ауыр тиіп, осындай жағдай болып жатыр ма деп ойлаймын.

Сол жақ жағалаудағы көрініс

Қала тұрғыны айтқандай, «Қызылорда тазалығы» айыппұл сала алмайды. Тек ескертуге, тазалықты сақтауға шақырады. Сосын әдеттегідей түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ал өзгесі әкімшілік құзырында. Мәселен, коммуналдық қалдықтар Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 434 бабына жатады. Мұнда айыппұл салынады. Қоқыс тастау – құқықбұзушылық. Айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткіш. Егер бір апта ішінде төлейтін болса, жарты ақшасы шегеріледі. Мәслихаттың бекіткен  шешімі бойынша әр тұрғын өз үйінің көше бетіне 5 метр жерге дейін жауапты. Асфалтқа дейін 5 метр жерді абаттандыру, көркейту жауапкершілігінде. Дәл терезесінің алдында арамшөп өсіп тұрса да «Қызылорда тазалығына» хабарласатындар бар екен. Бұл, біріншіден, жалқаулық, екіншіден, жауапсыздық. Басқа қалай айтуға болады. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, контейнер орнатса ғана қала тазалығына атсалыса аламыз. Әйтпесе баяғы жартас, сол жартастың күнін кешетін түріміз бар…

Мөлдір САБЫРЖАН,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!