«Уақыт – ақша» деген қағида қалыптасқан қоғамда көлік байлық символы емес, қажеттілік ретінде қолданыста. Адамдар оның көмегімен жұмысын уақытылы аяқтауға, межелеген жерге жылдам жетуге тырысады. Ол пайда болғалы ер адамның тізгінінде болды. Бірақ қазір бұл өткен заманның еншісіндегі стереотип екені рас. Қажеттіліктің артқаны сонша ерлермен қатар әйел заты да «екі қолға – бір рөл» қағидасын ұстанып жүр. Мысалы, бір ғана Қызылорданың ішінде темір тұлпар тізгіндейтін арулардың  саны артқан…

Араларында автокөлікті автомат немесе механика деп бөліп-жармай, ерлер қауымынан жақсы басқаратындары бар. Кейде такси жүргізушілерінің арасынан бойжеткендерді кездестіретініміз жасырын емес. Арнайы мектептерде тәжірибе шыңдап жүргендер де жетерлік.
− Біздің орталық 18-65 жас аралығындағы адамдардың тәжірибе шыңдауына көмектеседі. Курсанттарымыздың арасында көлік айдауға құлшынысы бар, үйренгісі келетін нәзікжандылар көп. Бір топқа ең азы 5 адам, көбі 30 адам тіркелсе, соның 80 процентін нәзікжандылар құрайды, − дейді «OTAN» оқу-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі Мөлдір Абиева.
Бұл орайда қаладағы «Ақжол» автомектебінің іс-жүргізушісі Нұрбек Алдияр мынадай пікір қосты. Оның айтуынша, орталықта адамдар саны мезгілге байланысты қалыптасады. Қазір бір топта 15-20 адам оқиды екен. Бір топта 15 адам болса, оның 10-ы әйелдер қауымы.
Статистикадағы дерек те көлік тізгіндейтін нәзікжандылардың аз емесін байқатады. 2014 жылы Қазақстандағы әрбір бесінші жүргізуші – әйелдер және сол жылдың басынан бастап наурыз айына дейін 4000 әйел көлік жүргізуші куәлігін алған. Ал 2015 жылдың екі айында 27 мың адам куәлік алса, оның сегіз мыңын әйелдер құраған. Сол жылдан қалмай куәлігі бар әйелдер саны 10 мыңнан асқан.
Бергі жылдарға келсек, өткен жылы Қызылорда бойынша көлік жүргізу куәлігін алуға 3219 адам өтінім берген. Оның 2513-і ер адам болса, 706-сы әйелдер қауымы. Ал биылғы жылдың 1-жартыжылдығында өтінім бергендердің жалпы саны – 3980, оның ішінде ер азаматтар – 3216, әйелдер қауымы – 764 адамды құрады.
Осыған қарап, бүгінгі күннің «ханшайымдары» төрт дөңгелекпен жақсы дос екенін түйсінеміз. Орайлы сәтте діттеген жерге қауіпсіз жету мәселесін айналып өтпеуді шештік. Әлеуметтік желідегі оқырмандардың арасында «Кім көлікті қауіпсіз жүргізеді?» деген сауалнама ұйымдастырдық. Оған 350-ге жуық адам қатысып, ой білдірді. Нәтижесінде әйелдер 42%, ал ерлер қауымы 58% дауыс жинады. Қорытынды – келіншектің көлік айдағанын құптамайтындар көп. Ал біз дұрысы мен бұрысын бағамдауды ойлы оқырманның еншісіне қалдыруды жөн таптық.


Әлия ТӘЖІБАЙ