Облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқысымен «Балаларға бақытты балалық шақ сыйлайық» атты қайырымдылық акциясы өтті.

«Қамқорлық» дағдарыс орталығында өткен игі шараға облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласы 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі және «Adagio-show» ойын-сауық орталығы демеушілік жасады. Облыстық ассамблея жастары мен волонтерлары да игі іске атсалысты. Тағдыр тауқыметін тартқан аналар мен балаларға көңілді ойындар ұйымдастырылып, мерекелік сый тарту етілді.

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Болатбек Айтбенбетовтің айтуынша Наурыз мейрімділік пен қамқорлық айы. Осы шапағатқа толы айда бар жақсылықты балаларға арнау біздің парызымыз деді.

Ал «Adagio-show» ойын-сауық орталығының жетекшісі Виктория Шек бүгінгі қайырымдылық акцияның мақсаты балаларға бақыт пен шаттық сыйлап, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін сезіндіру болып отыр дейді.

Жер арқасы кеңіп, жан-жануарлар, өсімдіктер, күллі тіршілік әлемі жаңарып, қайта түлейтін табиғат мерекесінде қатысушылар бір-бірлеріне құттықтау айтып, ақ тілектерін арнады. Ізгі істің үлгісін көрсеткен жандарға ризашылықтарын білдірді.

Орталық тәрбиеленушілеріне жылулық пен жайдары көңіл-күй сыйлау мақсатын көздеген акция алдағы уақытта өз жалғасын табады.