Өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жергілікті компаниялар ғана жүргізуі мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттағы Үкімет отырысынан кейін тілшілер вице-министрден құрылыс нысандарын салуда бір компанияның конкурстардың көбісін ұтып алуы оқиғаларының жиі кездесіп жатқаны туралы сұрады.

«Құрлыс және мемлекеттік сатып алу саласын реформалау аясында Индустрия министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесе тиісті ұсыныстарды даярлады. Бұл тұрғыда аталған компанияларға қатысты нақты шектеу тетіктері болуы керек. Бір компания өзінің қаржылық, техникалық және басқа да құрылымдарына қарай өз міндеттемелерін орындай алады. Атап айтқанда, кей кезде бір компания өзінің мүмкіндігін ескермей, жүзеге асыра алмайтын құрылыс нысандары бойынша конкурстарды ұтып жатады. Осының салдарынан сапаға мән берілмей, құрылысы аяқталмай қалған нысандар саны көбейеді», – деді Е. Дауылбаев.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі өңірлердегі жергілікті компаниялар үшін қосымша ынталандыру тетіктерін іске қосуды ұсынып отыр.

«Егер компания еліміздің оңтүстік өңірінде бола тұра батыс облыстардағы тендерге қатысса, олар өздерінің техникасын батысқа сүйреп апармайтыны түсінікті. Осы орайда бұл компания жергілікті құрылыс компаниялары мен тапсырыс беруші арасында делдал ретінде қатыса салуы мүмкін. Сондықтан Қаржы министрлігі жергілікті құрылыс компанияларын ынталандыру қадамдарын ұсынып отыр. Яғни, конкурсқа жергілікті және басқа өңірдің компаниясы қатысса, онда құрылыс жүргізілетін облыстағы жергілікті компанияға басымдық берілетін болады», – деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат депутаты Серік Шайдаров тұрғын үй құрылысы саласының дамуын тежейтін жүйелі проблемаларды атаған еді.

«Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу тетігі жетілдірілмеген. Бүгінгі таңда, бір компания елдің әртүрлі аймақтарындағы бірнеше конкурстардың жеңімпазы ретінде анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыстың көп бөлігі кейіннен қосалқы мердігерлікке, кейде көп сатылы қосалқы мердігерлікке беріледі. Осындай тәжірибе мердігерлердің келісімшарт міндеттемелерін орындамауына, құрылыс сапасының төмендеуіне, сондай-ақ бір қосалқы мердігерден екіншісіне бағаның өсуіне әкеледі. Осының салдарынан нысандар консервацияланады, ішінара бұзылады. Бұл өз кезегінде осы нысандарды аяқтауға немесе қалпына келтіруге қосымша қаражат іздеуге мәжбүр етеді», – деді сенатор.

Оның пайымынша, бір компанияның конкурстарға қатысуына және жеңуіне автоматтандырылған лимиттерді белгілеу арқылы цифрландыруды тереңдету қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!