Соңғы жылдары Сыр спортының бағындырған белесі, жеткен жетістігі аз емес. Әсіресе, аудандардағы бұқаралық спорттың биігі бір төбе. Дене шынықтыруды серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанған тұрғындардың үлесі 30 пайыздан асты. Бұл отыз жылда жеткен жетістік бірі.


Жаңақорған ауданы осы сөздің дәлелі, бүгінде ауданда облыс атынан сынға түсетін ат спорты қарқын алып келеді. Командалық және жекелей спортта да серпін бар. Бір ауданнан төрт жыл қатарынан олимп төрінде өнер көрсеткен балуандар шықты. Бұл бірінші кезекте маңдай етрдің жемісі, үлкен қолдаудың арқасы, бір жағынан ауданда спорттық нысандар көптеп бой көтерді. Отыз жылда ауданда 150 спорт ғимараты пайдалануға берілді, атап айтар болсақ, 1 стадион, 12 спорт кешені мен 30 спортзал, 43 жасанды жамылғысы бар футбол алаңы бар. 7 стритбол алаңы, 10 көше жаттығу құрылғысы, 20 жапсарлас спорт зал мен 27 жазықтықтағы спорт құрылғылары салынды. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының талантын ашып, талабын шыңдады. Әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген бүгінгі оғландар осы кешендердің түлектері.


10-нан аса халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен қаншама спорт шебері және үміткерлер бар. Жастардың үлесі басым, олардан зор үміт күтеміз. Енді алдағы жоспар мен меже бұдан да биік болары ақиқат. Бұрын кәсіби спорт клубтарына бағытталатын қаражат бұдан былай халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарланатын болады. Бұл біз үшін жағымды жаңалық болғалы тұр.


Мұғалімдердің еңбекақысы 2023 жылға қарай 2 есе өседі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және жүргізгені үшін негізгі базалық лауазымдық жалақысынан 100% мөлшерінде қосымша ақы қосылады. Әрбір ауылдық округте спорт инструкторы лауазымы ашылады. Бұл болашақ елдің спортына үлкен демеу, тың серпін беретіні анық. Жасөспірімдер мен жеткіншектер клубының саны барлық тірек ауылдарды қамти отыра, 1000-ға дейін ұлғайтылады. Барлық спорт кешендерінде ерекше қажеттіліктері бар ересектер мен балалар үшін спортпен шұғылдануға арналған жағдай жасалады.


Ұлттық спорт түрлері жаңа қарқынмен дамиды. Ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату), қазақша күрес, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және басқа да спорттық ойындарды дәріптеуге және дамытуға қолдау жасалады. Бұл Жаңақорған ауданы үшін керемет жаңалық, Сыр ат спортын өрге сүйреп жүрген шабандоздарға бұл тамаша қолдау.


Спорт мекемелері, командалардың құрамы, жаттықтырушылар, судьялар мен спорттық іс-шаралар туралы деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін e-sport бірыңғай цифрлық платформасы әзірленеді. Спортпен шұғылданатын азаматтар үлесі 30-дан 45%-ке дейін өседі. Жаңақорғанда спортпен айналысатын халық саны 30 пайыздан асты, мұндай қолдаудан кейін екі есе артпаса кемімейтіні анық, бұл Сыр спортының ертеңіне сеніммен қараудың бірегей жолы деп білемін.

Бастысы, партия бағдарламаларында жастарды қолдау, оның ішінде ауыл жастарына серпін сыйлау басты назарға алынған. Мұны біз аудандарда өткізілген кездесулерде де талқылап, халық пікірін, ұсыныстарын бірлесе талқылап келеміз.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!