Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 101 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орындарға ие болды. Сыр дарындары аймақ қоржынына 16 алтын, 29 күміс, 56 қола әкелді.
Тарқатып айтар болсақ, халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаларда 4 оқушы күміс медальға, 9 оқушы қола медальді иеленді. Олар математикадан қашықтан өткен халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы, математикадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы, Халықаралық Жәутіков, Түймаада олимпиадасы мен халықаралық «Ғылым әлеміне жол ашамыз» және Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстары конкурсы сияқты беделді олимпиадаларда облыстың намысын қорғады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда 88 дарынды оқушыларымыз оқ бойы оза шауып, 16 алтын, 25 күміс, 47 қола медальді иеленді. Оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада мен ғылыми жобаларға, жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиадаға, жасөспірімдер олимпиадасы, «Зерде» конкурсы және Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаларға қатысып, үздіктер атанған. Сондай-ақ, 2-4 сыныптан басталатын «Бастау» математикалық турнирінде аймағымыз командалық есепте ІІІ орынға ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында алдағы уақыттан бастап халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары қазақстандық ЖОО-да білім алу үшін ақшалай сыйлықтар мен гранттарға ие болады. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Сонымен қатар оқушыларды байқауға дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы төленеді.
©Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!