фото: ашық дереккөзден алынды

Қызылша – жеңіл тұмау емес, адам ағзасына елеулі зиян келтіретін жұқпалы аурулардың бірі. Ол ауа арқылы тез тарайтын вирустың әсерінен пайда болады. Әсіресе иммунитеті әлсіз балалар мен ересектер үшін қауіпті. Көп жағдайда жұрт бұл дертті ескі, ұмыт болған ауру деп қабылдайды. Алайда кейінгі жылдары оның қайта бой көрсетуі қоғамды алаңдатпай қоймайды.

Аурудың алғашқы белгілері кәдімгі суық тиюге ұқсас: дене қызуы көтеріледі, жөтел пайда болады, көз қызарып, жасаурайды. Бірнеше күннен кейін теріде ұсақ бөртпелер шыға бастайды. Бұл – қызылшаның ең айқын белгісі. Медициналық тұрғыда мұны «бөртпелі кезең» деп атайды. Дәл осы кезде науқас айналасына вирусты көптеп таратады.

Қызылшаның қауіптілігі – оның асқынуында. Уақтылы емделмеген жағдайда өкпе қабынуы, құлақтың қабынуы, тіпті миға әсер ететін энцефалит секілді ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бұл ауруды «жай ғана бөртпе» деп қарамауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Яғни, ағзаға әлсіретілген вирус енгізу арқылы иммунитет қалыптастыру. Бұл әдіс жылдар бойы өзінің тиімділігін дәлелдеген. Дегенмен кейінгі уақытта екпеден бас тарту үрдісі көбейіп, ұжымдық иммунитет әлсіреп барады.

Қоғамдық денсаулық – әр адамның жеке таңдауы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Өз денсаулығына салғырт қарау – тек жеке қауіп емес, айналадағы адамдарға да қатер төндіру. Сондықтан қызылшаның алдын алу – дәрігердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Серіккүл ЖҰМАТАЕВА,
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,
балалар ішек бөлімшесінің мейіргері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!