5 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласын жылу және ауыз сумен қамту мәселесіне қатысты кеңес өткізді. Сонымен қатар ыстық судың өшірілуіне байланысты бірнеше сөгіс жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Облыс әкімі тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

«Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады», – делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарламасында.

Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев ыстық су мәселесіне қатысты тұрғындарға құрғақ уәде берудің қажеті жоқ екенін айтты.

«Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «Ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай, кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр, – деді ол.

Айта кетейік, Ақтауда су қоймаларындағы су деңгейін төмендету туралы шешім қабылданған. Салдарынан қаланы жылумен үздіксіз қамту үшін ыстық су беруді уақытша шектеу туралы шешім қабылданған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!