Алдағы уақытта «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау туралы» заң жобасы әзірленеді. Бұдан бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың жаңа тетіктері енгізіледі
НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біріншіден, XX ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастыру тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Қаржы мәселесі бүгін толығымен шешілді. Сондықтан бүкіл комиссияның жұмысы, зерттеушілеріміздің бәрі осы ғылыми бағдарлама бойынша жұмыс істейді», – деді Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Бүгінде мемлекеттік комиссияның қызметі бойынша 11 жұмыс тобы құрылды. Оған барлығы 57 ғалым тартылып отыр. Қазіргі кезде жобалық кеңсе де өз жұмысын бастап кетті. Өңірлік комиссиялар құрылды. Оған да біраз ғалым енді. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді.
«Мұрағаттарды зерделейді. Сосын ауданға бару керек, ауылға бару керек, елмен араласу керек, көнекөз қарияларымызбен ақылдасу қажет. Өңірлік комиссиялар осы жұмыспен айналысады», – деп атап өтті Тоғжанов.
Алдағы уақытта «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау туралы» заң жобасы әзірленеді. Бұдан бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың жаңа тетіктері енгізіледі. Бұл тізімге кіретін адамдардың саны көбейеді.
«Кеше ғана комиссияның екінші отырысы өтті. Сол жерде біраз мәселе талқыланды. Өңірлердегі комиссиялардың жұмысы пысықталды», – деп түйіндеді Тоғжанов.
Жалпы, комиссия 49 адамнан тұрады. Бірнеше нақты міндет белгіленіп отыр. Соның ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи қалпына келтіру, жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу, жабық мұрағаттардың материалдарын алу және елдің тәуелсіздігі үшін ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау шаралары бар. Комиссияға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!