Оның денесінің тек 60 пайызы ғана табылған, деп хабарлайды Экспресс К.

Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру қызметінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегінің қалдықтары табылып, анықталды. Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілген болатын.

Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсеткен. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді.

Бауыржан Дәуітбаевтың 60 пайыз сүйегінің қалдықтары 28 қыркүйек күні әскери бөлімнің техникалық аумағынан табылды. Оның аумағы — 175 гектар жер. Бірнеше рет сүзіп өттік. Топырақтың астынан, үлкен тереңдіктен табылды,

— дейді 28349 әскери бөлімінің командирі Еркін Әбсадықов.

Бүгін марқұмның сүйегі жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсіміне жүзден астам адам жиналды. Бауыржанның әкесі Талғат Дәуітбаев ұлының өлгеніне әлі сенбейді.

Ауыр күн болып тұр. 1 жыл 3 ай іздедік. Жүрек әлі сенбейді, жүрген шығар деймін бір жерде. Алғашында аяқ сүйегі табылған. Оны экспертиза анықтай алмады. Кейіннен Алматыда жасатты. Екі күн бұрын нәтижесі шықты. 99 пайыз сіздің балаңыз деп отыр,

— дейді марқұм сарбаздың әкесі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленуі тиіс. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!