Қазақ киносы көп жылдық тарихы бар өнердің бір саласы.  Бүгінде киноиндустрия жаңа деңгейге көтерілді. Голливудтық өнімдерден кем түспейтін комедия, экшн, боевик жанры, тіпті қос ғашықтың махаббат сезімін ерекше бейнелейтін отандық фильмдер Болливудтан да артық десек қателеспейміз. Қорқыныш пен адреналинді ұнататын көрермендер шетелдің хоррор жанрындағы картиналарды үзбей көреді. Заманауи эффектілері бар, қорқыныш  сезімін тудыратын кинолар қоржынымызда мүлдем жоқ емес. Ендеше  қаражат жағынан 1 аптада рекорд орнатқан отандық туынды туралы тарқатайық.

Кино әлемінде қазақы аудитория қалыптастыруда Нұрлан Қоянбаевтың еңбегі зор. «Қазақша бизнес» арқылы кинотеатрға бару мәдениеті түзелді. Алайда халық арасында «комедияның артынан комедиялар көбейіп,  режиссерлардың қолынан келетіні тек күлдіру» деген пікір  тағы бар. Осы жағдайды ескерді дейміз бе әлде басқа себебі бар ма екен желтоқсан айында  Дәстүр фильмі көрерменге жол тартты. Маркетингі мен пиар жұмыстары сәтті болғанын мойындауымыз қажет. Трейлер, промо-ролик, одан соң  «Дәстүрлі подкасттары» шықты. Тіпті әлеуметтік желіде киноның арнайы парақшасы жұмыс істеді, әлі де белсенділігін жоғалтпады.

Премьерасы көпті қызықтырған «Дәстүр» –  хоррор элементтері бар драма жанрындағы фильм. Трейлер арқылы картинада зорлық-зомбылық, қыз баланың өз еркінен тыс тұрмысқа шығуы, қоғамдық пікірге байланған  халық, ойына келгенін жасайтын байдың баласы және мистикалық оқиғаның болатынын анық білдік.

Бір әттеген-айы трейлерде кадрдың барлығы көрсетіліп, фильмде дәл сол сәті ғана қайталанды. Толықтырсам, трейлер тек фильмнің үзінділері арқылы көрерменді қызықтыра алу қажет. Ал бұл жағдайда жарнамасы мен кинода қолданылған кадрлардың ұзақтығы да бірдей.

Басты кейіпкер Диананың рөлін сомдаған Нұрай Жеткергеннің дауысын есту қиынның қиыны болды. Жалпы, кейіпкерлер туралы сұрақтар бар. Мүмкін уақыттың тапшылығы себеп  болды ма білмейміз.

Жарнама  мен туындыда алшақтық бар. Кинода зорлық-зомбылық пен мистикалық кадрдың болатыны жарияға жар салынды. Қазақтың ескірген дәстүрі көрсетіледі дегенде көрермендер барынша қолдады. Ал фильмде орынсыз қазақы дәстүр көрсетілмеді. Себебі зорлықтың құрбаны болған қызды сол ер жігітке тұрмысқа беру деген дәстүрдің жоқ екенін білеміз. Бұл жердегі басты идея –  адамның құқығын таптау, әсіресе нәзік жандыларға күш көрсету, еркінен тыс тұрмысқа беру қоғамда қалыпты жағдайға, тіпті дәстүрге айналғанын көрсеткілері келді деп  ой түйдік.

Мұсылмандық жын шығару рәсіміне байланысты айтатын болсақ, фильмнің негізгі  кілті осында  секілді. Трейлерге сәйкес көрермен Диананы мистикамен байланыстырды. Ал фильм соңында барлығы басқаша аяқталғаны ерекше болды. Трейлерде толық көрсетілмеген сәт – осы. Жұмбаққа толы болған кадрда мамандардың қолтаңбасы көрінеді. Туынды әлі көрсетілімде, сол себепті әр кадрды ашып айту қате.

Тек байлығы мен жұмысын ойлайтын, баласының қылмысынан шаршаған әкесі, қандай болса да қолдап, перзенті үшін барын жасайтын ананың рөлі жаттанды мәтін емес, шынайы эмоцияға беріліп көрсетілген. Бұл да сценаристердің шеберлігін айқындайды. Ескере кететін жағдай, бұл фильм басты кейіпкерлердің дебюттық жұмысы.

                         Қоғам не дейді?

Премьераның алғашқы аптасында көр­ермендер шынайы эмоциясымен бөлісіп, қолдау жоғары деңгейде болды. Кейінгі уақытта әлеуметтік желідегі парақшалар жарыса жазып, наразылықтарын білдіруде. «Әйел субьект емес, обьект  ретінде көрсетіледі. Фильмге қатысты «Әйелдің жауы – әйел», мизогин идеяға толы деген жарияланымдар бар. Бұл сынға қосылғандар, өз пікірін қалдырғандар  мен кино авторларын қолдағандар да болды. Иә, әр адам жеке тұлға. Әр тұлғаның жеке пікірі болады. Бірін дұрыс не бұрыс деп бөлу бізге қалған мәселе емес.

P.S:

Кино – креативті индустрияның сұранысқа ие бөлігі. Киноиндустрияның дамуы көрермен сапасының артуына тікелей әсер етеді. Қазақ аудиториясы бүгінде отандық туындыларды қолдап, кем кетігін дұрыстау мақсатында пікір айта алатын көрерменге айналды. Дәстүрлі жанр емес ­­“Дәстүр” кинокартинасы туралы баяндайтынымыз – осы. Жаңа жанрлардың оянып, талғамы бар көрерменнің қалыптасқаны  қуантарлық жағдай. Креатив пен жаңашылдықты елдегі мәселелермен ұштастырып, батыл қадамның нәтижесі болған «Дәстүр» фильмін көруге кеңес береміз. Ал бағасын беру – сізден.

 Әлия ТӘЖІБАЙ,

студент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!