«Суретші тек қана суретші емес» дейді Георг Зиммель. Картинасы арқылы көңілі құлазыған жанды өмірге ғашық қылатын, түрлі жағдаяттарды түсінбегенде сұрағына жауап, жұмбағына шешім бола алатын, сұлулықты көзбен сезінуге мүмкіндік беретін қылқалам шеберін жай ғана суретші деу аздық ететін болар. Алайда кенет графикалық смартфонға, қылқалам саусақтың қимылына ауысқан технологиялық төңкеріс кезеңінде өзгермеген жалғыз нәрсе бар: эстетикалық рахат, картинаның көрген жанға әсері. Осындайда «Суретшілер бізге өмірдің қандай ғажап екенін көрсетуі керек. Әйтпесе оған адамдардың күмәні бар» деген Анатоль Франстың сөзіне келіспеске болмайды.
Қылқаламды игеру кез келгенге қонбайтын ерекше қабілет десек, иллюстрация өнері де үздіксіз ізденіс пен жоғары талғамды, тың идеяларды қажет етеді. Иллюстрациялық туынды – қандай да бір мәтінді толықтырып, мағынасын ашу үшін қолданылатын сурет. Сан қырлы саланың шығу тарихына көз салсақ, бірнеше ғасырларды артқа тастаймыз. Ежелгі Египетте әнұран мен заңдар жинағы папирусқа жазылып, иллюстрациялық суреттер қоса салынған. Олар мәтіннің мазмұнын ашу үшін арнайы қолданылады. Біздің заманымызға дейінгі антикалық кезеңнен «Илиада» мен «Энеида» қолжазбалары сақталып жеткен. Кітап бастыру қолжетімді бола бастаған XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бастапқы жылдарында аталған сурет саласы да дами түсті. Бұл кезеңдегі суреттер мәтіннің өзі секілді қара түспен салынған.
Арада біраз уақыт өткен соң XIX ғасырда қанат жайған фотографиядағы фотомеханикалық процесстер иллюстрациялық туындыларды жаңа деңгейге көтерді. Тақтайшаларға салынған штрихтік бейне – цинкография ойлап табылып, баспалар суретті түрлі түсті етіп шығара бастады. Бұл кезеңде салынған туындыларда образдылық емес, шынайылық маңызға ие. Иллюстрация мәтінмен тығыз байланысып, кірігіп кетті.Ал бүгінгі иллюстрацияның жетістігі – қолжетімділікте. Қандай да бір қиялдағы бейнені туындыға айналдыру үшін компьютер немесе графикалық планшет, арнаулы бағдарламалар болса жеткілікті, яғни иллюстратор жаңатехнологиялармен жұмыс істей алуы тиіс. Дегенмен жаңа әдістеме түрлері тәжірибемен келеді. Бастысы, автордың жандүниесінде не сезінгенін өзгелердің де сезіне алуында.
Заманауи қазақ иллюстраторларының шығармашылығы – брендте. Мұны әлеуметтік желілерде мыңдаған оқырман жинайтын жас суретшілердің парақшасынан байқаймыз. Одан бөлек материалдық дүниелер қолжетімділігі артқан сайын атаулы күндерде ерекше сыйлық жасау үшін де иллюстратор туындысы немесе тапсырыспен жасалған суреті бар шыныаяқ, киім, қажетті заттар да көптің көңілінен шығуда. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі illustrators_kz парақшасы қазақстандық авторларды қолдау мақсатында ашылған. Мұнда жазылған әр адам тың туындылармен танысып, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге суретшінің көзқарасымен қарай алады. Күнделікті өмірде байқай бермейтін кішкентай, бірақ маңызды дүниелер – махаббат пен мейірім, шынайылық пен сұлулыққа сусындап, шөліңізді басатыныңыз шүбәсіз.
Ақниет Жалғаева есімді суретші-иллюстратор инстаграмда arhideiya есімімен өз туындыларын жариялауда. «Сурет салуды 26 жасымнан бастадым. Бала кезімнен суретші болуды армандаушы едім. Бірақ мектеп бітіргенде басқа мамандыққа тапсырып, суретшілікпен біржола қоштастым. Ақыры шығармашылықтан алыстай алмайтыныма көзім жеткен соң бәрін тастап, өткен жылдың алғашқы күндерінде суретшілікке қадам бастым. Жұмысым да, демалысым да – сурет салу», – дейді ол.
Qazaq.soul парақшасы арқылы иллюстраторлардың туындылары бейнеленген киім, сөмке, смартфонға арналған тысқа тапсырыс беруге, сыйлық ретінде ұсынуға болады. 14 мың оқырманы бар парақша талғамы ерекше қазақстандықтарды 2020 жылдан бері қуантып келеді. Шетелдік брендтерді қойып, иллюстратордың салған суретіне тапсырыстың артуы жаңа қоғамдық көзқарасты, жоғары талғамды білдіреді.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!