Биыл тарихы өсиетті, қойнауы қасиетті Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл. Мерейлі мерейтой аясында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Orda келбеті» облыстық байқауы өтпек. Байқау аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуы мен шежірелі тарихы туралы жастардың креативті идеяларын насихаттауға бағытталады. Қатысушылардың ұсынған шығармашылық жұмыстары 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында қабылданады.
– «ORDA» келбеті» байқауы – кез келген тұрғынның креативті идеясын тарқату алаңы. Соны­мен қатар бұл байқаудың бір ерекшелігі, тек жастар ғана емес, облыстың кез келген тұрғы­ны қа­тыса алады, – деді облыс­тық «Жас­тар ресурстық орта­лы­ғы­ның» директоры Талғат Оспан­ұлы.
Сайыс «Үздік бейнематериал», «Үздік фото», «Үздік пост» номина­циялары бойынша өтеді. Әрбір но­минацияға сәйкес I, II, III орын үздіктері анықталады. І орынға «Apple iphone 14 Pro», ІІ орынға «Apple iphone 13», ІІІ орынға «Apple iphone 12» табысталады. Байқау нәтижесін облыстық «Жастар ресурстық орта­лығының» жанынан құрылған жұмысшы топ анықтайды.
Тарқата кетсек, «Үздік фото» номина­циясы бойынша қатысатын қатысушылар облыс тарихының өткені мен бүгінін жә­не келешегін сипаттайтын сапалы 3 фотоны әлеуметтік желілерге жүктеуі тиіс. Ал «Үздік пост» бағыты бойынша облыс тарихын және соңғы жылдар­дағы жетістігін сипаттай отырып, фейсбук желісіндегі парақшада арнайы хэш­тегтер арқылы пост жариялау қажет. Пост екі тілде де қабылданады. Сондай-ақ әр­бір ұсынған материалдарда облыстың 85 жыл­дығына арналған логотип қойылуы шарт. Жеңімпаздар әлеуметтік желідегі ауди­то­рия­сының белсенділігі арқылы таңдалмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!