Demalys

Достарыңызбен, отбасыңызбен немесе әріптестеріңізбен бірге басқосуды жоспарлаған болсаңыз, жақсы мейрамхана таңдау қажет. Бұл дегеніміз – дәмді тағамдар және лайықты қызмет көрсету деңгейін таңдау. Бұрын барлық тамақтану орындарының асханасы мен безендіруі бір-біріне ұқсас болса, қазір тұтынушылар өз көңілінен шығатын кез келген мейрамхананы таңдай алады.

Жайлы атмосферада ырғақты әуен мен дәмді ас ішкен тұтынушы қайта айналып бір мейрамханаға барары анық. Тұтынушылардың тамырын дөп басып, тұрақты клиентіне айналдыру үшін барын салатындар бар. Тіпті шетелден өз ісінің майталман аспаздарын шақырып, шаруасын шалқытып жүргендер де жетерлік. Қазіргі таңда бұл бизнес саласын заманауи түрде жоғары элиталы, ортаңғы және фаст-фуд деп бөліп қарастырады. Элиталы деп отырғанымыз – бағасы өте қымбат, жоғары санатты жайлылық пен таңдаулы интерьер, ас мәзірінің сан алуандылығымен ерекшеленуі. Фаст-фуд болса тез дайындалатын, белгілі стандартта тағамдар ұсынып, өзіне-өзі қызмет көрсетуімен дараланады.

Мейрамханалар мен кафелердің ең басты мақсаты – өз клиенттеріне дәмді тағамдар ұсыну. Олар сол тағам үшін қайта оралады. Бүгінгі таңда мейрамхана брендингінде басты бағыттардың бірі – бұл түпнұсқалық. Келген қонақ дәмді тамақтанумен қатар, демалып, басқа орындардан ерекшеленгенін қалайды. Сол себепті де  мейрамханалар мен кафелер өзгеше дүниелер ұсынуы қажет.

Шаһарымыздағы мейрамханалар мен басқа да тамақтанатын орындар өзара бәсекеге түсетіні анық. Бұл бір жағынан келушілерге пайдалы – төмен баға және көптеген тосын сыйлар. Осы орайда қалтаға да қонымды баға және дәмді ас мәзірін ұсынатын бірнеше мейрамхана бар. Соңғы уақытта отбасылық және балалар мейрамханалары да кең қанат жайып, қаламыздағы тамақтанатын орындар саны артуда. Бұндай жағдайда халыққа қандай кафе, мейрамханаға бару керегін шешу оңайға түспесі анық.

Осыған  байланысты әлеуметтік желілерде арнайы “Сізге қаламыздағы қай тамақтану орнына барған ұнайды?»  деген сауалнама жүргізген болатынбыз. Халықтың таңдауы Arafat, Браунис, Buffet city, Tsar.s Burgers, Zhekas, Monaco және де тағы да басқа орындарға түсті. Сондай-ақ “Бұл орындарға не үшін барғыңыз келеді?” деген сұраққа тұрғындырдың басым бөлігі, тағамдарының ерекше дәмді екенін, ішінің тазалығы, қонақтарға қызмет көрсетуі ұнайтынын жеткізді. Өңірімізде  халықтың көңілінен шығатын тыныш та, шулы да, қымбат та, арзан да тамақтану орындары жетерлік. Тек өзіңіздің ыңғайыңызға қарай, әлеуметтік желіде бақылай отырып, таңдауға кеңес береміз.

Жансая УӘЛИҚЫЗЫ