Отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету үшін мемлекет жеңілдікпен несие беру бағдар­ла­ма­сы­на 100 миллиард теңге бөліп, оның шарттарына өзгеріс енгізді. Бұрынғы мен қазіргі бағдарламаның айырмасы не? Енді қандай көліктерді жеңілдетілген несиемен рәсімдеуге болады? Tengrinews.kz тілшісі сарапшылардан сұрады. 

Қаржыгер Нұрмұхамед Маманов жеңілдетілген көлік несиесінің маңызын түсіндірді.

«Жеңілдетілген автонесие Қазақстан нарығына керек басты механизмдердің бірі екені белгілі. Неге десеңіз, оның арқасында еліміздің көлік нарығындағы бірнеше мәселені оңай шешуге болады. Мысалы, Қазақстандағы 100 көліктің 64-і ескірген, яғни бұл өз кезегінде экологияның нашарлауына және жол апатының көбеюіне әкеліп соғады. Енді осы ескі көліктердің нарықтағы үлесін азайту үшін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы таптырмас мүмкіндік болып тұр», – дейді ол.

Сонымен қатар, ол жаңартылған автонесиеге тоқталып, ескі бағдарламаның ең осал тұсын атады.
«Қазіргі мен бұрынғы бағдарламаның басты айырмашылығы – бастапқы жарнаның болмауы. Яғни 2015 жылдан бері қолданыста болған бағдарламаны алып қарасақ, онда 20 пайыз бастапқы жарна төленуі қажет деп көрсетілген. Егер 10 миллион теңгенің көлігін несиеге рәсімдегіңіз келсе, оның бастапқы жарнасы 2 миллион теңгеге шығады. Қарапайым халыққа 2 миллион теңгені тауып, одан кейінгі соманы несие бойынша өтеу оңай болмағаны анық еді. Бұрынғы бағдарламаның ең осал тұсы осы еді», – дейді Маманов.

Оның сөзінше, кейінгі 3 ай ішінде 15 мыңнан аса қазақстандық жаңа бағдарлама бойынша өтінім жасаған. 

«Жыл басынан жаңартылған жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қызығушылық танытып, өтінім білдірген қазақстандықтардың саны 15 мыңнан асып кетті. Бұл бағдарламаға деген сұраныстың деңгейін көрсетеді», – деді қаржыгер.

Нұрмұхаммед Маманов көлік сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиенің шарттарын айтты. 

«Несие 4 пайызбен беріледі және бастапқы жарна қажет емес. Несие мерзімі – 7 жыл. Ең бастысы, несие 10 миллион теңгеден асып кетпеуі керек. Егер 10 миллионнан асатын несие болса, тұтынушы артық соманы өз қалтасынан төлеп, қалаған көлігін алуға мүмкіндігі бар», – деді ол.

Автонесиелеу маманы, DKA қоғамдық қорының басшысы Нұрсұлтан Нұрсипат 10 миллионға дейінгі шектеудің қайдан шыққанын айтып берді. 
«Неге 10 миллионға дейін шектеу қойылды деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде 20 пайыздық бастапқы жарнаның қажеттілігі жойылғанын ескеруіміз керек. Ескі бағдарламада 15 миллионға дейінгі көлікті рәсімдеуге болды, бірақ оны алу үшін 3 миллион бастапқы жарна төленуі қажет етілді. Қарапайым тілмен айтқанда, қаржылық қауіп-қатердің алдын алу шарасы қолданылып отыр. Оның үстіне, халыққа көлікті рәсімдеу үшін бастапқы жарнаны табу қиын болды. Демек, алдағы уақытта көптеген адам көлікті несиеге оңай алатын болады», – дейді ол. 
Десе де, Нұрсұлтан кез келген адамға несие рәсімделе бермейтінін басып айтты. 
«Иә, бұрынғымен салыстырсақ, несие өсімі артады, бірақ бұл бағдарлама барлығына бірдей қолжетімді деп айтуға келмейді. Ең алдымен, жеңілдетілген автонесиені рәсімдеу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Одан кейін клиенттің жасы 21-ден асуы қажет. Сонымен қатар, олардың тұрақты айлық табысы болуы керек және ол ресми дәлелденуі міндетті. Әрбір екінші деңгейлі банк өз клиентін жеке зерттейтінін білген дұрыс. Оның ішінде тұтынушының несие тарихы, табыс көзі және тағы да басқа шарттар міндетті түрде қаралады», – деп түсіндірді сарапшы. 

Сондай-ақ, ол жаңа бағдарлама бойынша қандай көлік маркалары бар екенін тізіп шықты. 

«Негізі жеңілдетілген автонесие бойынша мына көліктер түседі: Chevrolet, Hyundai, Škoda, JAC, KIA, Lada және Renault. Дегенмен, бұл көліктердің барлық маркасы қолжетімді емес, осының ішінде 10 миллионнан асып кетпейтіні ғана саудада болады. Қазір әлемдік экономикалық ахуалға байланысты көптеген көлік бағдарламадан шығып қалуы мүмкін. Мәселен, қазір Patriot жол талғамайтын көлігі 8,4 миллионнан басталып тұрса, алдағы уақытта ол 10 миллионнан асып кетуі ғажап емес», – дейді автонесие маманы. 

Нұрсұлтан Нұрсипат келтірген дерек бойынша, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бойынша 30-ға жуық көлік қарастырылған. Ең арзаны – Lada Granta седаны, бағасы 3.7 миллион теңгеден басталады. Ал ең қымбаты – Hyundai Elantra, бағасы 8.4 миллионнан жоғары тұр.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!