Бүгін шаһарда әлемге әйгілі KFC компаниясының жылдам тамақтану мейрамханасы ашылды. Қаладағы жаңашылдыққа тән мейрамхана «Aray city mall» ойын-сауық орталығының жанында орналасқан.

Филиал басшылығы KFC барлық мейрамханаларындағыдай өнімнің жоғары сапасына және ингредиенттерді сақтау мен тасымалдаудың тиімді тәсілін қамтамасыз етуді алға тартты. Сонымен қатар тұтынушыларға сапалы қызмет атқару үшін қызметкерлер арнайы курстан өткен. Бүгінде жаңа мейрамханада 32 адам жұмыспен қамтылған. Мейрамхананың тағы бір ерекшелегі – Auto KFC қызметі, яғни көлік ішінен терминал арқылы тапсырыс беріп, мейрамхана өнімін ғимараттың сыртынан алуға болады. 

Мейрамханаға қызметке орналасқан Алмас жұмыстың қызықты әрі жауапкершілігі мол екенін айтады.

– KFC – біздің қаланың ерекше жаңалығы. Құрылысы мамыр айында басталған сәтте жұмысқа орналасуға жоспарладым. Мен үшін таңсық дүние болды. Қазір Алматы қаласынан келген әріптестерімізден барлығын үйреніп жатырмыз. Тәжірибесі мол мамандардың берері мол. 7-желтоқсаннан бастап қала тұрғындарына қызметті бастадық. Қызылордада алғаш мейрамхана болғандықтан келушілердің қатары көп, – дейді Алмас.

Айта кетейік, KFC – (Kentucky Fried Chicken – Кенттуккидің қуырылған тауық еті) алғашында америкалық, бүгінде халықаралық мейрамхана желісіне айналған. Оның кез келген түрі тауық етіне байланысты дайындалады. Негізін қалаған – Гарланд Сандерс. Желілік тағамның әлемде 18000-нан астам мейрамханасы жұмыс істейді.

Ерасыл ШӘРІБЕК,

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!