«За рулём» журналы көлік иелері мен қаңылтырдан хабары бар шеберлердің пікіріне сүйене отырып, коррозияға төтеп бере алмайтын машиналар тізімін жасады. Анағұрлым қолжетімді көліктер арасында Lada Granta ерекшеленді. Оның капот астындағы бөліктері тез тоттанады, ал есігі мен табалдырығы 2-3 жыл ғана шыдайды екен. Бұған себеп – материал сапасының төмендігі.

Бюджет класында Renault Logan/Sandero-ның беделі төмен. Бірнеше қыстан шыққан соң тоттана бастайды, дегенмен коррозияға төзімділері де бар. Көбіне есіктің маңайын, дәнекерленген жерлерін тот басады. Мұндай кемшілік кореялық көліктерде де кездеседі.

Бюджеттік кроссоверлер ішінде біздің елде танымал Renault Duster, Mitsubishi ASX және Hyundai Creta коррозияға жиі ұшырайды. Бірақ тот басу жылдамдығы бойынша көш бастаған – Skoda Yeti. Бұл көлікке қатысты шағымның басым бөлігі кепілдік мерзімі өтпей тұрып түседі.

Ортаңғы класстағы көптеген седан ішінде басылым назарына Mazda 6-ның екінші және үшінші буыны ілікті. Темір тұлпардың шанағы 6-7 жылда шіри бастайды. Ford Mondeo мен екінші буындағы Nissan Teana-ның жағдайы сәл жақсы. Премиум сегментінде 2000-2005 жылдар аралығында жарық көрген «мерседестердің» барлық классы коррозияға төзімді болмай шықты.

Тот басудың қарқыны мен жылдамдығы бойынша УАЗ «Патриотқа» жететін машина жоқ. 2018 жылы шыққан модель бір жарым-екі жылда тоттанып кетеді. YouTube-тегі автофорумдарда коррозиямен белсенді күресіп, оны жеңген көлік иелерінің егжей-тегжейлі видеоесебі өте көп.

Айта кетейік, Ресеймен бір климат зонасында орналасқанмен біздің елде көліктің тоттану қарқыны біршама төмен. Себебі Қазақстандағы жолдарға агрессивті реагент сирек себіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!