Өнердің түр түрі болса, театр сол өнерлердің ішінде ең киелісі, қадірлісі. Театрдың тарихы тереңде және әр заманда жоғары бағаланады. Қазақ сахнасының да қазаны қайнап, көрермені жыл санап артуда.

Өткен жылы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыка театры айрықша қойылымдардың премьерасын халыққа ұсынды. Үсен Рамазанның режиссерлық бастамасымен «Шырмауық » атты Ахмет Ақмоншақтың психодрамалық моноспектаклі көрерменге жол тартты. Театрдың репертуары өзге де қойылымдармен толысып, балаларға арналған жаңа спектаклдерін паш етті. Атап өтсек, Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына орай «Жәмила» драмасы, Оңталап Нұрмахановтың «Көрғұлы» рухнамасы, Ақберген Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасының премьерасы халық назарына ұсынылды. Алтын қор тек бұл қойылымдармен толығып қоймай, Сыр сахнасында басқа да спектакльдердің тұсауы кесілді. Сәуір айының 4-і Н.Баймаханның «Үйлену оңай…» атты ерекше форматтағы спектаклі халыққа жол тартады. Сондай-ақ театр балаларға арналған Е.Шварцтың «Күлше қыз» атты қойылымын тамашалауға шақырады.

– Театр өнері нақты пайда табуға бағытталған сала емес. Тазалықты, шынайылықты талап ететін ерекше дүние. Дүйім жұрттың алдында белгілі бір рөлді сомдап шығу үлкен жауапкершілік. Бізде қазір жастар да бар, оларға бағыт-бағдар беретін орта буын да бар. Барлығы да осы бір өнерге адал болып, ел-халықтың алдында жоғары деңгей көрсетуде. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей ізімізді басып келе жатқан жастардың әр жетістігіне тілекші болып, қуанып отырамыз, – деді режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір.

Көрерменнің көңілін толқытып, ойға жетелеген қойылымның бірі – «Болмаған балалық шақ».

– Өзіме ұнайтын бірнеше рөлдерім болды. Онымен қоса сомдағым келген өзге де образдар аз емес-ті. Ал тосыннан ұсыныс түсіп, актерлық мансабымда маған қатты жақын болған кейіпкер Ақбергеннің рөлінде ойнау бұйырды. Лезде образды барынша ашу үшін кейіпкерімді «оқи» бастадым. Процесс барысында бұл баланың жан дүниесіне үңіліп, оның бастан кешкен тағдырын өз өмірімде өткізе бастағандай сезіндім. Табиғатынан ерекше Ақбергенге жаным ашып, көрген қиыншылығын мейлінше халыққа жеткізгім келді. Шынымды айтсам, «сахна әртістері образдан шыға алмай қалады» деген ұғымды осы кезде бастан кешкендей болдым. Бұл драманың қойылымы бірнеше айлар бұрын өтіп кетсе де, кейіпкерімді әлі күнге дейін сезінемін. Қорғағым келетін інім секілді. Ал спектакльді сахналайтын сәтте сол інімнің артына тұра қалатындаймын, – дейді «Болмаған балалық шақ» драмасының басты кейіпкері, актер Ердәулет Мәму.

Облыстық театрдың биылғы жоспары – «Сыр әзілі» әзіл-сықақ бағдарламасының тұсауын кесіп, халыққа ұсыну. Сондай-ақ театр ұжымы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында шығармашылық тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Театрдың жаңа репертуарымен Алматы, Байқоңыр қалалары және ауылдарға гастрольдік сапарға аттанбақ.

Оңталап Нұрмахановтың бастауымен 2016 жылы «Жастар театры» құрылып, үйірме ретінде жұмыс істеп келді. 2024 жылдан бастап кәсіби театр ретінде өз жұмысын бастады. Мұндай театр еліміздің тек бірен-саран аймақтарында ғана бар. Бүгінде театр ұжымы халық арасында тағылымы терең спектальдерді сахналап жүр. Жастар театрының ұжымы республикалық, облыстық, қалалық дәрежеде өнер көрсетіп, беделді марапаттарды иеленді. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап жаңа өнер ордасының директоры Нұрмат Мансұров болып тағайындалды.

– Жалпы Қазақстанда 5 мыңға тарта ауыл болса, оның 4 мыңға таяуында мәдениет үйі бар. Ал айналасы 70-ке жетер-жетпес театр бар. Бұл театр жұмысының ауырлығын, театрды құрудың қиындығын білдіреді. Осы бір ауыр міндетті қолға алуға бел буған Қызылорда қаласының жастары да үлкен жолға түсті. Енді-енді бастап, жүргелі тұрған жұмыс жетерлік.

Бізде шешілмеген мәселе көп. Солардың ең үлкені – актерлық құрам құру. Қазір біз осы аталған актерлар труппасын құру үстіндеміз. Бұрын ұжым мүшесі болған жастар қазір өзге театрларда. Солардың орнын толтыру үшін жаңа жас таланттарды іздестеріп жатырмыз. Бізде аймақ берген штаттық мүмкіндіктер бар. Сондықтан актерлықты оқып жатқан студенттерге аги- тация жұмыстарын жүргізудеміз.

Жас театр екенбіз деп қол қусырып отырған жоқпыз. Ақпан айында «Оң қол» атты Т.Әбдіктің үлкен шығармасын сахналадық. Қағазға сөзін түсіріп, сценарийін жазған Жастар театрының жас драматургі Нұрдәулет Баймахан. Ал режиссерлық шешімдермен толықтырған Берік Ахмет. Қойылымның тақырыбы ауқымды болған соң, «автордың ойынан тайқыды» деген секілді сыннан қашып құтылмадық. Десек те, режиссер мен драматургтің қызметі – туындыны өзіндік идеямен ерекше етіп, көрерменге айрықша етіп ұсыну. Албырт пікірлерге қарамастан, қалың халық «Оң қол» қойылымының тағы да сахналануын асыға күтуде. Бұл шығарма заманның шындығы болған соң көрерменнің құрметіне ие болды.

Гастрольдік сапарлар туралы айтар болсақ, іргемізді нықтап, қазығымызды нық қаққан соң, алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз. Ол күннің де ауылы алыс емес. Биыл аймаққа қарасты ауылдарды аралап, өнер көрсеткіміз келеді, – дейді Жастар театрының директоры Нұрмат Абдоллаұлы. Университет қабырғасында жүрген жас шәкірттер де өнерден қалыс емес. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері де көрерменнің сүйіктісіне айналып үлгерді.

Университет жанынан құралған «Жауқазын» студенттік жастар театры бірнеше спектальді сахналап, көптің қошеметіне ие болып жүр. Студенттік театр бүгінге дейін Мұқағали Мақатевтың «Қош, махаббат» драмалық поэзиясын сахналап, сонымен қатар Әбіш Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» атты шығармасы, Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклі халыққа жол тартты. Көпшіліктің ілтипатына бөленген қойылымдар әрбір студенттің театрға деген қызығушылығын арттырды. 2024 жылдың ақпан айында «Шәмші сүйген Изольда», наурыз айында «Қаракөз» трагедиялық спектакльнің тұсауын кесіп, студенттік театрдың алтын репертуары жаңа қойылымдармен толысуда.

– Қазір студенттік театр қарқынды жұмыс істеуде. Жылына 2 рет кастинг өткізіледі, ал ұжымда 30-дан астам адам бар. «Жауқазын» театрының ең алғаш жасақталған командасы әлі күнге дейін шашырамаған. Тек қана университет қабырғасындағы шәкірттермен шектеліп қоймай, колледж, мектептерден үйірмемізге мүшелік ететіндер бар. «Жауқазынға» қызығушылық танытқан барша жанға театр мүшесі болуға мүмкіндік бар.

Аға-буын өкілдері облыстық драма театрдың барлық спектакльдерін үзбей көріп, тәжірибе жинақтап, шыңдалуға тырысамыз. Сондай-ақ театрымыздың әрбір мүшесі ізденіс үстінде жүреді. Ән, би, қойылым, концерттік киімдерге дейін ұқыптылықпен қарап, сахна мәдениетін тереңінен ұстануға бейімбіз. Алдағы уақытта арнайы мамандармен біріге жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – деді «Жауқазын» студенттік жастар театрының төрағасы Ақниет Мәулен.

Қазақтың киелі сахнасы ешқашан қадірін жоғалтпайтыны анық. Ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген сахна саңлақтарына шығармашылық табыс тілей отыра, төл мереке – театр күнімен құттықтаймыз!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!