Тәуелсіздіктің айшығына айналған игілік мекені – Нұр-Сұлтан жыл санап, ерке Есілдің жағасында жайқалып, келешегі кемел, өрісі ырысты, болашағы жарқын қалалардың қатарында өсіп келеді. Елдегі өзгерістер Елордадан басталады. Сондықтан бұл шаһар үздіксіз даму мен жаңашылдықты жақсы көреді. Мерейлі мереке қарсаңында шаһардың соңғы өзгерістеріне тоқталсақ.
Ақылды қаланың айшықтары
Нұр-Сұлтанда цифрлық технологиялар бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелер жүзеге асырылуда. Айталық, соның бірі әрі бірегейі – «Ақылды қала» жобасы. Оның негізгі 6 бағыты бар: экономика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта. Бұл шетелдік кеңесшілермен бірлесіп жүргізілуде. Соның арқасында еліміздің бас қаласы әлемдегі ақылды қалалар рейтингінде 21-інші орынға ие. Бүгінде жоба аясында бірқатар технологиялық шешімдер енгізілген. Атап айтсақ:
– жаяу жүргіншінің жақындағанын білетін және лазерлік сәуле шашқыш, жарықтандырғыш арқылы жүргізушілерге хабар беретін «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелі;
– жерасты қоқыс жәшіктеріндегі қоқыс көлемін анықтайтын және коммуналдық қызметтерді шақыру керегін хабарлаушы қоқыс толтыру датчиктері бар «ақылды» қоқыс жәшіктері;
– бейнебақылау жүйесі және мобильді қосымша арқылы есікті ашу, төтенше жағдайлар үшін SOS батырмасы және төтенше жағдайлар мен басқа оқиғалар туралы әр пәтерге хабар беру функциясымен жабдықталған «ақылды» домофондар;
– ауаны шусыз дезинфекциялауды, бөлмені ионизациялауды қамтамасыз ететін және вирустардың белсенділігін жоятын, қашықтан басқарылатын, тәулік бойы бейнебақыланатын IP-камерасы бар павильондардың автономды дезинфекциялануы мен қауіпсіздігін бақылау жүйесі;
– су мен газ есептегішінің көрсеткішін қашықтан көрсету қызметі бар су және газ есептегіштері.
Аталған жаңа жобалар мереке қарсаңында тұрғындар үшін тың жаңалық болмақ.
Қаламгерлерге құрмет
Ел астанасының өсіп өркендеуінде журналистердің үлесі зор. Жаңа қаланың жаңашылдығын төрткүл дүниеге тарататын қаламгерлерге елорданың да құрметі бөлек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен биыл елордада «Журналистер Аллеясын» ашу жоспарлануда. Тегін интернетке қосылу мүмкіндігін қарастыратын аллея тілшілер қауымының шығармашылығын шыңдайтын жер ғана емес, бас қаламыздың барша тұрғындары мен қонақтары үшін де ең сүйікті орынға айналады деп сенеміз. Аллеяда өмірден өткен жарқын тұлғалардың есімі жазылған арнайы ағаштар өсіріліп, еске алу тақталары орнатылады. Сондықтан аллеяны ашу мерзімі көшет отырғызуға ең қолайлы кезең күз маусымына ауыстырылды.
От шашу болмайды
Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының мерекесі пандемияның өршіп тұрған сәтімен тұспа-тұс келгені бәрімізге белгілі. Ел қазадан қайғырып жатқан сәтте Елорда төріндегі от шашу қоғамда резонанс тудырды. Тіпті Ирина Қайратқызының 5К әнінің бейнебаянында от шашу көрінісі көрсетіліп, YouTube-тағы қаралымы артып, трендке айналған-ды. Осындай жағдайдан кейін биыл әкімдік мереке қарсаңында от шашу болмайтынын хабарлады.
– Әрине қала күні – тұрғындар үшін ерекше күн. Адамдардың тойлағысы келеді, оның үстіне, көптеген адамдар мерекені күтіп жүр. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоспарды өзгерттік. Жыл басында жоспарларымыз болды, бірақ қазір санитарлық талаптарды ескере отырып, жабық ғимараттардағы барлық шаралар онлайн форматқа көшуде, көптеген іс-шара тоқтатылды. Ал көшедегі шаралар әлеуметтік қашықтық пен санитарлық талаптарды ескере отырып өткізіледі, – деді А. Көлгінов.
Шындығында, елорда – елдің жүрегі. Ендеше, ел жүрегі тоқтамасын! Туған күніңмен, Нұр-Сұлтан!
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!