Қазақ  жерінде сауда саттық көшпелі кезеңде Ұлы жібек жолының бойында бастау алған. Жалғыз сіріңкені бір қойға айырбастап алған сәт сауданың еліміздегі алғашқы қадамы саналды. Әрине, бүгінде саудаға деген көзқарас өзгерді. Маңыздылығы артты. Дегенмен заман жаңарған сайын бұл саладағы мамандардың да қызметі бірте-бірте бәсеңдеуде. Болжамшылардың пайымдауынша, жойылып кетудің алдында тұрған саланың бірі. Жалпы біздегі сауда қызметі қай деңгейде дамыған, арнайы сауда мамандығын бітіріп, нәпақасын тауып жүргендер бар ма, жабайы сауданың болашағы қандай болмақ, бизнес-тренингтердің үлесі қандай, мәселенің түйінін тарқатып көрсек.

Тақырыпты тарқатуға шаһардың орталық базары «Ескі базарға» аялдадық. Саудагерлер арасында сауалнама жүргізіп, мамандықты айқындап алдық. Бірлі-жарымы Қуаныш және Дархан Шоңбайдың, Өркен Кенжебектің онлайн дәрістерін алып, сол бойынша кәсібін дөңгелетуде. Бұл көбіне киім-кешек, иіс сулар, телефон аксессуарларын сатумен айналысушыларға қатысты дерек. Ал ашық базардағы сатушылардың 100 пайызы саудаға деген теориялық білімі жоқ деуге болады.

Сауда мамандарын қайда дайындайды?

Кәсіби сауда маманын Қазақстанда бір ғана қалада оқытады. Елордада бұл мамандыққа байланысты бірнеше білім беру ұйымдары бар. Яғни осы мамандық бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік бар. Дегенмен көршілес Ресейде бұл мамандықты оқытуға ерекше көңіл бөлінген.  Атап айтар болсақ бір ғана Мәскеуде сауда мамандарын даярлайтын бірнеше университет бар. MGUTiU. Разумовский (Мәскеу мемлекеттік технологиялар және менеджмент университеті). Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік институты. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті (Ресей экономикалық университеті). NUST (Ұлттық зерттеу технологиялық университеті) MISiS. Ресей Федерациясының Президенті жанындағы RANEPA (Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясы). RSSU (Ресей мемлекеттік әлеуметтік университеті). Аталған оқу орындары студентке лайықты білім бере отырып, нағыз маман болып қалыптасуына жағдай жасайды.

Мамандықтан кейінгі қадам

Шымшық сойса да қасапшы сойсын деген түсінік бар. Яғни әр нәрсені өз маманы істегені абзал. Сонымен сауда маманына оқуға түскен студенттер мамандықтан не үйренуі мүмкін? Оқу орындарының ұстаздары мамандықты бітірген түлектер жұмыссыз қалмайтынын алға тартады. Оқуды аяқтамағанның өзінде делдал, сауда өкілі, сатып алуларды реттейтін және тұтынушылармен жұмыс істейтін сату менеджері, тауар сарапшысы, сатушы және супервайзер, сату бойынша менеджер, кем дегенде кішкентай дүкеннен бір қызмет табады. Тәжірибе жинағаннан кейін сауда мекемелерінің желісі бар компанияға жұмысқа бара алады. Дипломын алған жас түлектер сауда алаңында менеджер лауазымынан бастап, логистика және сату жөніндегі директор, аға маркетолог және басқа да қызметтерді атқара алады. Бастысы, сауда-саттықтың дамуына үлес қосады.

Базарға білімнің қажеті жоқ

Ескі базар сауда орталығындағы сатушы Алма Боранбаеваның айтуынша, саудаға тек ептілік қана қажет көріенді.

– Шүкір, күнделікті несібемізді базардан тауып отырмыз. 20 жылдан бері жеміс-жидек сатумен айналысып келемін. Құдайдың берген берекесі. Азын аулақ қаржымен бастадық. Қаржыны айналдыра келе өрісіміз де кеңейді. Саудаға теориялық білімнің қажеті жоқ. Тек ептілік пен есеп қисапқа жүйрік болсаң ғана жеткілікті. 5 жыл университетте білім алып, кәсіпке қаражатың болмаса, оқудың қажеті қанша?! Бизнес тренингтерге екі бастан қарсымын. Адам өзінің құпиясын жұртқа жайғанын қашан көрдік?! Олар да халықтың ақшасына күн көріп жүргендер. Сауда саттыққа байланысты оқу оқып, дүркіреп кеткендерді өмірлік тәжірибемде кездестірмеппін. Базар аумағындағы барлық сатушылардың білімі жоқ деп толық айта аламын, – дейді сатушы Алма Боранбаева.

Баланы ерте жастан саудаға үйрету керек

– Біздің экономика сауда-саттықтан тұрады. Қазіргі уақытта алып-сатуды жақсы меңгерсең, кәсіпте біраз жерге баруыңа болады. Өйткені біздің мемлекет әлі де жас. Нарық бос жатыр. Тек Қытайдан келетін тауарларды әкеліп сатудан басқасын таңдасаңыз екен. Өйткені ол жақты жаулап алған пысықтар бар (күледі). Екінің бірі Қытайға бара алады, екінің бірі ағылшынды біледі, “Алибабаға” шыға алады. Бәсеке көп. Бірақ бізде өндіріс аз, қызмет көрсету саласы, тамақ өндірісі бос жатыр. Игеру керек. Ебін табу қажет. Баланы да ерте жастан саудаға үйрету керек екенін түсіндім. Себебі уақыттың талабы – осы, – дейді белгілі кәсіпкер Бекұлан Сағындық.

Жабайы сауданың болашағы жоқ

– Өткен жылы пандемия басталған сәт жабайы сауданың болашағы болмайтынын аңғартты. Яғни онлайн сауда базарлардың жұмысын біраз тығырыққа тіреді. Жалпы әлемдегі Онлайн сауда нарығында тұтынушылар үлесі биыл Қазақстанда да артқан. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректерінде, қазақстандықтар цифрлық сервистерді белсене қолданып, бірінші жарты жылдықта интернет дүкендердегі сауда-саттық көрсеткіштері екі есе өскен. Онлайн тұтынушылар тарапынан әсіресе азық-түлікке, балаларға арналған тауарларға, дәрі-дәрмекке деген сұраныс жоғары болған. Отандық e-commerce нарығының өкілдері, мемлекеттік орындар алдағы уақытта бұл нарықтағы логистикалық және төлем инфрақұрылымын дамытуға басты мән береді. Сондықтан базардағы сатушылар қазірдің өзінде ғаламторға бейімделіп, онлайн сатылымға көшу керек. Егер мұны назарға алмаса банкротқа ұшырайтыны анық. Жалпы саудагер мамандығын оқудың да қажеті шамалы. Себебі ғаламтор дамыған заманда маман болып шығудың қажеті шамалы. Ғалымдардың болжамы бойынша, жойылатын мамандық қатарына енгеннен кейін көңіл бөлмей-ақ қойсақ та болады, – дейді бизнес аналитик Арайлым Әуелбекова.

Бүгінде сауданың дамуына, кәсіпкерлікке қадам жасауға үйрететін бизнес тренингтердің көбейгені анық. Деректерге сүйенсек елімізде 100 ден аса тренерлер мықты саудагер һәм кәсіпкер болуға баулитын көрінеді. Әлгінде сөз болған мамандық даярлап шығаратын оқу орындарын тренингтер басып озды. Бизнеске бағыт беретін мектептер мен тренингтерге қатысты қоғамның көзқарасы да назардан тыс қалмады.

Кәсіпкерлік мектептер жақсы жұмыс істеуде

– 2016 жылдың көктемінде «Жеке бизнес» кәсіпкерлік мектебіне қатысқан едім. Сол кезде «ALMA Films» деп аталатын жарнамалық бейнеролик түсіретін компания ашқанмын. Қазір қосымша сол кәсіппен де айналысып жүрмін. Негізі бір жобам ғана бар еді, енді Foodtruck-пен екеу болды. Менің байқауымша, бір бизнес-тренингке барып, бизнес бастап кететіндері некен-саяқ. Әрине, бірден нәтиже бермесе де, азды-көпті табыс табатыны анық. Ең бастысы,  ешқашан берілмеу қажет. Ерік-жігерің мықты болса, қателіктен қорықпай, қайтпасаң, табандылық танытсаң – түбі жеңіске жетесің! Жақында бір журналдан әлемге әйгілі киноактер Брюс Лидің мынадай сөзін оқыдым: «Мен соққы жасаудың он мың тәсілін меңгерген адамнан емес, бір тәсілді он мың рет қайталаған адамнан қаймығамын». Сол себепті, саудамен айналысатындар үшін  қажет ең басты қасиет – табандылық. Табандылық – табыстың кілті! Сондай-ақ бизнесте табысқа тезірек жету үшін білім керек. Менің ойымша, күні кешеге дейін мүддесі бір, пікірлері үндес қазақи орта жетіспей келген. Қазір сондай орта қалыптасып келеді. Әр түрлі жоғары оқу орындарында қазақ кәсіпкерлерінің қатысуымен шеберлік сабақтарының өткізілуі көз қуантады. Іздеймін, оқимын, қайтсем де кәсіпкер боламын деген талапты жанға ақпарат жеткілікті. Қазір нарықта бизнеске баулитын бірнеше мектеп бар. Ешқайсысын бөле-жара қарамаймын. Әрқайсысы атап өтуге тұрарлық үлкен еңбек етіп жатыр. «Даму» кәсіпкерлік дамыту қорында да кәсіпкерлерге арнап курстар өткізеді. Қазіргі таңда таңдау мүмкіндігі мол. Ал өзім оқыған соңғы «Vertex» курсы туралы айтсам, бұл жерде басқа курстардағы сияқты басымдық ақша табуға емес, өзіңді жеңуге негізделеді. Ең басты өнім – өзің дейді. Ерекше атап өтетінім, жастар қай жерде оқыса да, білім қуалап жүре бермей, нақты іске көшу керек. Себебі бұл өз басымда бар, мен де сондай жанның бірімін, – дейді кәсіпкер Дархан Кәрімов.

Бизнес-тренингтің бәрі шоу

– Бір күні бастығымыз барлық қызметкерлерді жинап, «Бизнес семинарға қатысасыңдар», – деді. Қуанып қалдық. Алайда 5 мың теңгеден жинауымыз керек екенін естігенде әлгіндегі қуаныш су сепкендей басылды. Семинар ақылы екен. Бастық міндеттеген соң бармай қалуға болмайды. Айтылған жерге бардық. Семинарға ұзын-ырғасы 50-ге жуық адам жиналыпты. Қатысушылардың әрқайсысынан 5000 теңгеден (алдыңғы қатардағылар 10 мың теңге) қағып алса, онда мына бизнес-тренер кемі 250 мың теңге табатын болып тұрғаны ғой. Соншалықты не айтады екен деп сыни көзбен зейін қойып тыңдай бастадым. 3 сағатқа созылған семинарда іліп алар ештеңе айтылмады. Естігеніміздің бәрі – бұрыннан құлаққа сіңген дүниелер. Мысалы, әлгі бизнес-тренер былай деп әңгімесін бастады: «Бұрын коммуникация деп телефон, интернет секілді байланыс құралдары көз алдыма елестейтін. Сөйтсем, коммуникация дегенде қарым-қатынас екен. Екі адам бір-бірімен ақпарат алмаса ма, міне, бұл коммуникация! Мен бүгін сіздермен коммуникация орнатқалы тұрмын. Өйткені әрбіріңізде баға жетпес ақпарат кені жатыр. Соны бір-бірімізбен өзара бөліссек…». Бір жаңалық айтар деп соңына дейін мұқият тыңдадым. 3 сағатта мен білетін, жалпы көпшілік білетін нәрселер айтылды: Бизнес бастау үшін кәсіпкер ештеңеден қорықпау керек. Қиыншылықтарға қарамай алған беттен таймау керек. Тек еңбек ету керек, т.б. Барғаныма өкіндім. Біреудің қалтасын қампайтқан 5 мың теңгеге 1 пайдалы кітап алып оқыр едім. Зая кеткен 3 сағатта үйіліп жатқан қағаздарымды реттеп, ертеңгі күннің сабағына дайындалар едім деп ойладым. Мені таңдандыра алмағанымен, тренер өзгелердің көңілінен шыққан сияқты. Ауыздарын ашып, аһ ұрып отырғандарды көрдім. Әлгі демагог тренер манипуляция тәсілдерін жақсы меңгерген екен. Жаттанды ақыл-кеңестерін түрлі мысалдар арқылы жеткізіп, аудиториямен тығыз байланыс орнатуға тырысты. Тойдағы тамада іспеттес. Ең қызығы, coffee break уақытында болды. Өте қымбат киінген, шаштарын жақпамаймен қайырған 30-дар шамасындағы екі жігіт қасымызға келіп, алған әсерлерімен бөлісе бастады. «Қанша тренингке барып жүрмін. Дегенмен ешқайсысынан дәл бүгінгідей әсер алмаппын. Бұл кісі нағыз гуру екен», – деп өзара сөйлескен болып, әлгі тренерді бізге естіртіп мақтай бастады. Бірден сездім. Бұлар – бизнесмен рөлін сомдап жүрген әртістер. Бұрындары алик, малик, шарик секілді ойындарға клиент тарту үшін біреуді жалдап, оны ұтқызып, небір құйтырқы іс-әрекеттерге барушы еді ғой. Бұл жігіттер бизнес-тренерге деген сенімді ояту үшін, яғни жұртқа «бұл тренерге дәулетті, іскер азаматтар да барады екен ғой» деген ой қалыптастыру үшін жүрген жалдамалы жандар. Жұртқа берері жоқ семинар өткізген сол бір қызыл сөз шеберінің кесірінен бизнес-тренерлерден мүлдем көңілім қалды. Бәрінікі де шоу. Енді бармаспын тренинг атаулыға, ‒ дейді Айнұр.

Алаяқтарға алданып қалмау керек

Белгілі PR-модератор, табысты кәсіпкер Әлішер Елікбаевтың айтуынша, кімнің тренингіне қатыссаңыз да, айналасы бір-екі сағаттың ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын игеріп, саудагер боламын деу – бос әурешілік. «Өсіп жатқан ел үшін бизнес-тренингтердің көбейгені қалыпты жайт. Бірақ оны ұйымдастырудың да әртүрлі схемалары бар. Мысалы, жай ғана адам келіп, ақшасын төлеп, менің тренингтеріме қатыса алмайды. Ол үшін арнаулы компания қомақты қаражатын төлеп, өзінің қызметкерлерін шақыра алады. Тренингтерге қатысамын деп жүргендерге кеңесім, алдымен сізге дейін сол бизнес сабақтарға қатысқан адамның пікірін біліп алыңыз. Қысқамерзімді тренингтердің мақсаты – оқыту емес. Өйткені қысқа мерзімде оқып-меңгеру мүмкін емес. Оның міндеті – адамға стимул беру, «мен де істей аламын» деген ойға жетелеу. Әрине, қызыл сөзге шебер алаяқтар мұны да өз пайдасына қолданып жүр. Олар үшін бұл тек – табыс көзі. Біздің мақсатымыз басқа. Тренингтен түсетін табысым қажеттіліктерімді толық қамтамасыз ете алатындай көлемді емес. Тек сервис саласында лайықты мамандар қалыптасса деймін, – дейді Әлішер Елікбаев

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!